ҰБТ жаңа форматы: талапкер көзімен

ҰБТ жаңа форматы: талапкер көзімен
Фото: YouTube

ҰБТ. Тек бір ғана сөз. Ал тапсырушылардың бойында одан қаншама қорқыныш, қобалжу туындайды. Ата-ананың сенімін ақтауға тырысқандар, үлкен жауапкершілікті мойынына артқандар бұл сөзді ең қорқынышты түстерінде көретіні белгілі. Әсіресе биылғы жыл оқушыларға көптеген тосынсый әкелді. Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен Ұлттық Бірыңғай Тестілеу біраз өзгеріске ұшырап, 2017 жылғы түлектер жоғарғы оқу орнына түсу үшін арналған тестілеудің жаңа форматымен танысуға тура келді.

Үйреншікті 125 балды емтихан осы жылдан бастап 140 балмен бағаланады. Сұрақтар мен есептер саны 5 сұраққа кемігенімен, жаңа форматты тапсырушылар бұрынғысынан жеңіл дей алмайды. Керісінше, жасөспірімдер арасынан енгізілген өзегрістер көптеген ауыртпашылықтар әкелуіне наразылық білдіргендер шығып жатыр. Ең басты қиындықтары неде?
 
Жаңа формат бойынша, абитуриент бес бағытта тест тапсыруы қажет. Олар: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және екі бейімдік пән. Біріншісі берілген бес мәтінмен жұмыс жасап, солардың мазмұнына қарай құрылған 20 сұраққа дұрыс жауап беруден тұрады. Оңай болып көрінсе де, әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл пән керемет мұқияттылықты және зейінділікті талап етеді. Оған қоса, оқушының өз бетінше ойлау қабілетін тексереді. Абай болмасан, бес жауаптың ішінен, кемінде, үшеуі де дұрыс жауап болып көрінуі мүмкін. Олардың ішінен тек нақтысын табу қиынға соғады. Мұндай жағдайда тек өзіне ғана сене аласың.

Жылдан жылға алгебра мен геометрия пәндерінен алынған есептерді шығаруға әбден дағдыланғандарға математикалық сауаттылық пәніндегі есептер мүлдем бейтаныс болып көрінді. 20 есептің басым бөлігі  кестемен жұмыс және логикалық есептерден құрылған. Ыңғайсыздығы – түлектер ондай типті есептерді шығарып үйренбеген. Оны шығаруға үйрететін мұғалімдер де табыла бермеген. Логикалық бейімділік бірінде бар да, бірінде жоқ. Осы мәселеге Білім министрлігі ерекше назар аударғаны абзал болушы еді.

Әртүрлі бағыттағы бейімдік пәндер де толық өзгеріске ұшырады. Бұрын бір таңдау пәнін тапсыру талап еткен ҰБТ, жаңа форматпен екі таңдау пәнін  бірге алып жүруді қажет етеді. Әрқайсысынан 30 сұрақ беріледі, ішінен 20-сының бір жауабы бар. Қалғанында үшеуін немесе екеуін табу қажет. Нағыз қиындық осы жерде жатыр. Өзіне толық сенімді оқушының өзі осы 20 сұраққа тоқталып, кемінде, үш-төрт рет ойланады. Қайта-қайта күмәнға батады. Егер тура осы сұрақтың бір жауабын ғана табу керек болса, онда сол тапсырманың орындаудың мүмкіндігі артушы еді. Ең қатты соққы физика мен математиканы бірге тандағандарға тиеді. Математикалық сауаттылықпен санағанда, олар толығымен 80 есеп шығаруы керек. Оқушылардың қолдарынан келеді, алайда уақыттың тапшылығы сол мүмкіндікті азайтады. Бес пәннің ішінен Қазақстан тарихы аса үлкен өзгерістерге ұшырамаған.

Міне, биылғы жылдың түлектері осындай қиындықтармен жүзбе-жүз кездесті. Дегенімен, жаңа формат Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді тек қиындатты деуге келмейді. Біріншіден, жеткілікті балл жинай алмағандарға Білім министрлігі екінші мүмкіндік беріп, тамыз айында қайта тапсыруға жол ашуы керемет жаңалық болды. Бұндай жағдай түлектерге кішкене болсын, терең тыныс алуына әсер тигізеді. Тағы жағымды жақтарының бірі – жаңа пәндер мазмұнындағы сұрақтардың расымен д,е өмірдегі қажеттілігі. Мысалға, оқу сауаттылығы. Балалар түгел 11 жыл бойы тек тестегі жаттыққан сұрақтардың жауаптарын тауып, басты қатырмауға әбден үйреніп алған. Сөйтіп өмірде де дайынға үйренген жұрт ойындағысын жеткізуді білмейтін.  Ал оқу сауаттылығына ондай өтпейді. Әрбір дара сөзіне дейін назар аударып, ойлау және сөйлеу қабілетін жаттықтырады.

Математикалық сауаттылықтың тапсырмалары күнделікті өмірде кездесетін мәселелермен байланысты. Бұрынғыдай бірнеше жылдар бойы жатталған формулалар мектеп бітіруден кейін ұмытылып кетпейді. Нағыз пайдалы әсерін тигізеді. Аттестаттағы бағалар мектептегі өтетін емтихандардың нәтижелеріне байланысты болған соң, толықтай баллдық шкала орнады. Енді бағалар мүлдем қойылмайды. Бұл фактор да тестілеуден еш қобалжусыз өтудің үлкен септігі болып табылады.

Жаңа формат – жарқын болашаққа үлкен қадам. Себебі, ол жас ұрпақты білімді, интеллектуалды болып өсіру мақсатында орындалған жоба.

Әсемай Серікхан,
qazaquni.kz

@. @assel_assanova