Бүгін елімізде Ұлттық Бірыңғай тестілеу басталды. Ата-аналар мен түлектердің үрейіне айналып келген жаңа ережеге сай түзетілген ҰБТ жайында жас түлек өз ойын Массагет сайтының тілшісіне айтқан еді.
Бекен Наргиз Маратқызы Қапшағай қаласындағы №1 Д.Қонаев атындағы орта мектептің түлегі. Ол бүгін алғашқы емтихан тапсырушылардың бірі болып Қапшағай қаласындағы орта-мектеп гимназиясына келді.
– Қайырлы күн!
– Қайырлы күн!
– Ең бірінші болып ҰБТ тапсырушылардың бірісің. Дәл қазір көңіл-күйің қалай?
– Бірдеңе деу қиын. Дегенмен бәрі жақсы. Көңіл-күйім түсіп кететіндей болған жоқ.
– Кеңінен көсіліп жауап беруің үшін сұрақты жалпы қояйын, биылғы ҰБТ жайында не айта аласың?
– Жаңа ережеге сай өзгерген ҰБТ өте жеңіл болды. Әрине әркімге әрқалай сезіледі. Дегенмен оқыған адам үшін сынақтың қиыны жоқ секілді. Шыны керек, осы уақытқа дейін дайындық кезінде тапсырып жүрген сұрақтардың көбісі келген жоқ. Аспаннан түспесе де сұрақтар түрленген.
– Мәселен?
– Математикада бұрынғыдай отырып есеп шығару болған жоқ. Тек логикаға негізделген сұрақтар келді. Бейіндік пәндердің қатарында орыс тілі жоқ. Жаңа ережеге сай жасалған ҰБТ-ның бір ерекшелігі шығармашылық тапсыратындар үшін жеңілдетілген секілді. Себебі техникалық мамандықтар бойынша сынақ тапсыратындар бес пән тапсырса, біз үш-ақ пән тапсырдық. Мен өзім журналистика мамандығын таңдап отырмын. Маған Әдебиет пен Дүниежүзі тарихын қосып тапсыру керек еді. Оның орнына белгілейтін парақшада арнайы «шығармашылық» бағаны көрсетілген. Соны белгілеу жеткілікті. Ал ендігі сынақты жоғары оқу орнына барып тапсырамыз. Ол шығармашылық түрінде келеді.
Біз мектеп қабырғасында негізгі бес пән бойынша емтихан тапсырып, сертификат пен аттестат алдық. Енді осы ҰБТ нәтижесі бойынша шыққан балымыз бен сол мектеп берген сертификатты алып университетке барамыз, сол жерде шығармашылық бойынша емтихан тапсырамыз.
– Қанша уақыт берілді? Саған уақыт жеткілікті болды ма?
– Жалпы 3 сағат 50 минут берілген. Бұл шығармашылық саласы бойынша емтихан тапсыратындар үшін жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ бес пәнді толық тапсыратындар үшін аз секілді. Себебі бірінші сағат қобалжумен өтеді.
Айта кету керек, үш пән тапсыратындар – 60 бал ең жоғарғы, бес пән тапсыратындар – 140 бал жинау керек. Бұл биылғы жаңа өзгерістердің бірі.
– Жалпы психологиялық жақтан әсерің қандай болды?
– Кез келген түлек қобалжиды. Бірақ ең бастысы осы үрейді ұмыту керек екен. Осы уақытқа дейін дайындық бақылауын тапсырып жүрген секілді сезініп кіру керек. Оның үстіне өте қиын дейтін де сұрақтар жоқ. Қазақстан тарих пәнінен сұрақтар жеңілдетілген. Өзіме оңай болды. Бәлкім өзіме деген сенімділік болған соң шығар, мен үшін биылғы жұрт шулаған ҰБТ-ның қорқынышы болған жоқ. Бірақ жылап шыққан түлектер көп болды...
Бұрын ата-аналар сырттан бақылап, арнайы теледидардан көре алатын еді. Қазір ондай жоқ. Арнайы сайттан көре алады.
– Өту барысындағы қаталдық жайында не айтасың?
– Өте қатал болды. Тіпті артық қимыл жасаудың өзі мұң болды. Камералар, кезекшілер, бақылаушылар бәрі жіті бақылауда ұстады.
– Өзің қай университетті таңдадың?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика мамандығына түскім келеді. Арманым.
– Өзіңнен кейін кіретін түлектерге қандай кеңес айтасың?
– Қатарымдағы жас түлектерге айтарым, біздің жауымыз біреу-ақ, ол – қобалжу. Соны бойдан алып тастау керек. Одан қала берді биылғы ҰБТ-ның жаңа ережесіне сын айта алмас едім. Қайта жеңіл әрі дұрыс бағытта жасалған секілді. ҰБТ – сынақ! Ал өмір де сынаққа толы. Ендеше бұл өмірдің бір сәттік сынағы деп қабылдау керек. Кіргенше алаңдаған едім, шыққан соң бәрі басқаша болды.
– Нәтижесі қашан белгілі болады?
– Кешке қарай 7-8 шамасында дайын болу керек.
– Сұхбат бергенің үшін көп рақмет! Сәттілік тілеймін. Армандаған оқу орныңа түсіп, білікті маман бол!
– Рақмет!
Сұхбат беруші Наргиз Маратқызы өзін сондай сабырлы әрі сенімді ұстады. Бұл бізді таңғалдырды десек те болады. Бәлкім жақсы білім өмірлік азық деген осы болар.
Құрметті жас түлек, алаңдамаңыз! Биылғы ҰБТ қорқынышты шығармаларда болатын кейіпкер емес, жай ғана сынақ. Ертеңгі түлектерге сәт сапар тілейміз!
Сұхбаттасқан Марғұлан АҚАН