Ұлттық бірыңғай тестілеудің басталуына да санаулы күндер қалды. Мектеп бітіргелі жатқан жас түлектердің қобалжып жүргені анық. Тест туралы ойланып бір жыл қобалжығанмен, бір күн қалғанда барлығын ұмытуға тырысыңыз. Себебі сынаққа бір күн қалғанда қобалжу сіздің көңіл-күйіңізге кері әсерін тигізуі мүмкін.
ҰБТ-ға бір күн қалғанда қобалжудан бөлек, өзге ескеретін жайттар да бар. Ол үшін төмендегі кеңесімізді оқи отырыңыздар.
1. Емтиханға бір күн қалғанда ешнәрсемен айналыспаңыз. Егер сіз бір нәрселерді жаттап үлгермесеңіз, солай қоя салыңыз. Демалып, көңіліңізді көтеріңіз, таза ауада қыдырыңыз.
2. Жақсылап ұйықтаңыз, ерте жатып демалыңыз.
3. Сынаққа киетін киімдеріңізді дайындаңыз (жаңа киім кимеңіз, ыңғайлы, бұрын киген киіміңізді таңдаңыз).
4. Сынақ үшін қажетті құралдарыңызды сайлап қойыңыз (қалам, өшіргіш, құжаттар т.б.).
5. Асқазанға ауыр тағамдарды жемегеніңіз абзал. Дегенмен аш қарын баруға болмайды.
6. ҰБТ тапсыратын мекемеден алыс болмаңыз. Үйіңіз алыс болса, жақын маңдағы туыстарыңызға бір күн ерте келіп қоныңыз, болмаса өзге жолдарын қарастырып көріңіз.
7. Достарыңызды әр сәтте қолдап, бәрі жақсы болатынын жиі айтып отырыңыз. Тіпті бір күн қалғанда да қобалжымай, қобалжыған сыныптастарыңа қолдау көрсетіңіз. Ол қолдау өзіңізге де көп көмегін тигізетін болады.
8. Ояну үшін сағат қойыңыз немесе сенімді біреуге оятуды тапсырыңыз.
9. Бастысы – таңертең қажетті құжаттарыңызды түгендеп алыңыз. Тестке кіру туралы рұқсатнама қағазы мен жеке куәлігің жаныңда болсын.
Жас түлектер үшін студенттердің айтатын кеңесі де маңызды. Сондықтан да студенттердің де кеңестеріне құлақ түріп көрелік. Өз ойларыңызды, және бір күн қалғанда қалай дайындалғандарыңыз туралы айта отырыңыздар, құрметті студенттер.