- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- ҰБТ-ға 21 200...
ҰБТ-ға 21 200 жаңа сұрақ енгізілді
Биылғы жылы да Білім және ғылым министрлігі ҰБТ тәртібінің қатаңдай түсетіндігін ескертті. 2014-2015 жылғы оқу жылын тәмамдаған мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа тәртіппен тапсыратын болады. Бұл туралы өткен аптада Астанада өткен брифингте белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан халықаралық саяси апталық газетіне сілтеме жасай отырып.
Әдеттегідей, бұл жылы да тест сұрақтары жаңартылмақ. Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары қатарына биыл 21 200 жаңа сұрақ енгізіліп отыр. Биыл сұрақтардың ішінде логикалық және функционалдық тапсырмалар көбірек қосылған. Ал тест тапсыратын аудиторияны ІТ мамандар қадағалап, шпаргалкамен қолға түскен оқушылар биыл жоғары оқу орнына түсу құқығынан біржола айырылады. ІТ мамандар тест тапсыратын аудиторияда ұялы байланыстың болмауын, бейнебақылау камераларының дұрыс жұмыс істеуін, жауап парақтарындағы белгіленген нұсқалардың дұрыс есептелуін қадағалайды. Білім саласына жауапты мамандар осындай тәсіл арқылы ҰБТ кезіндегі тәртіпті күшейтпек. Ал тест тапсыру кезінде бітірушіден тыйым салынған заттар мен шпаргалка табылса, ол аудиториядан шығарылады. Сөйтіп бітіруші тест тапсыру құқығын жоғалтады. «Онда тест материалдары жойылып, мектеп бітіруші аудиториядан шығарылады. Ол биыл жоғарғы оқу орнына түсу құқығынан айырылады. Бірақ мектепте емтихан тапсырып, аттестат алуына толық мүмкіндігі болады», – деп мәлімдеген Алматы қаласы білім саласын бақылау департаментінің басшысы Қанай Батырбаев. Министрліктің тест талаптарын барынша қиындата түсуіне жыл сайын түрлі тыйым салынған заттар мен шпаргалка пайдаланушылардың қатарының артуы себеп болғаны жасырын емес. Қазір мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындық барысында шпаргалканы қалай пайдалану қажеттігін де меңгеретіні талай оқушылардың әңгімесіне арқау болып жүргені рас. Оқушылардың шын білімін айқындауға тиісті ұлттық бірыңғай тестілеудің балаларды қулыққа үйрете бастағанын әлі де аңғармай жүрміз-ау.
Астанадағы брифингте осыған дейін Қазақстан бойынша ҰБТ 155 пунктте тапсырылып келсе, биыл тест тапсыратын орын саны 165-ке жететіні айтылды. Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов: «Бұрын бір күнде бір пунктте 800-ге дейін түлек тест тапсыратын. Бұл ҰБТ тапсыруды ұйымдастыру жұмыстарына қосымша жүктеме болатын. Биыл бұл жүктемені жеңілдету үшін бір күнде бір пунктте тест тапсыратын түлек санын 600-ге дейін азайтатын болдық», – деп отыр. Сондай-ақ, биыл түлектер тестілеу нәтижесін аты-жөні арқылы емес, өздеріне берілетін идентификациялық нөмірі арқылы ғана біле алады.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – түлектердің тестілеу кезінде алған бағасы мен жылдық қорытындысы қосылып, орташа арифметикалық бағамен есептеледі. «Ұлттық бірыңғай тестіні тапсырған кездегі алынған баға мен қорытынды бағаның орташа арифметикалық бағасы қойылады. Егер де дау туған жағдайда, баға жоғарылатылады. Мысалы, егер де оқушы тест тапсырған кезде 4 деген баға алса, ал енді оның қорытынды бағасы 5 болған жағдайда онда оқушыға жоғарылату мақсатында 5 деген баға қойылады», – дейді Қанай Батырбаев. Республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткіш көрсетіп, алдыңғы орында келе жатқан Алматы қаласында биыл 7905 оқушы алтын ұясымен қоштаспақ. Ал оның ішінде ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 6247 бітіруші өтініш білдіріпті. Олардың 279-ы «Алтын белгіге» үміткер. Он бірінші рет өткізілгелі отырған ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының 2-сі мен 15-і аралығында жалғаспақ.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын «2015 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі түп-тамырымен жойылады» деген мәлімдеме таратқан болатын Білім және ғылым министрлігі. Оның орнына екі кезеңді сынақ – жазбаша емтихан мен кешенді тестілеу енгізілетіндігі айтылған. Сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов ҰБТ-ның айтарлықтай нәтиже көрсетпегендігін сөз еткен еді. Сол себепті, мектеп түлектері екі кезеңді сынақтан өтеді деген. Әуелі бірнеше пәннен жазбаша емтихан тапсырған түлектер жоғары оқу орнына түсер сәтте кешенді тестілеуге қатысады деп жоспарланды. Тіпті, Білім және ғылым министрлігі емтиханның өткізілу формасының өзгеретінін де хабарлады. Осы арқылы мектеп бітірушілердің жаттанды білімі ғана емес, оны тәжірибе жүзінде қалай пайдалана алатыны анықталады деп сендірген. Бірақ өткен оқу жылының соңында-ақ Білім және ғылым министрлігі «ҰБТ 2015 жылы алынып тасталады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал уәде етілген 2015 жылы тестілеу жүйесін екі кезең бойынша тапсыру туралы сөз де болмады. Жыл басында Білім және ғылым министрлігі тестілеуге еш өзгеріс енгізілмейтіндігін мәлімдеумен ғана шектелді. Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: «ҰБТ негізіне алынған, 2004 жылы біз таңдап алған технология өзін-өзі ақтады деп айтуға болады. Бір емтиханмен екі міндетті шешеміз, түлектер үшін тең жағдай жасалуда. Мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiн дамыту мемлекеттiк даму бағдарламасына сәйкес сынақ жүйесін қайта құру ұсыныстары болған-ды. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді жетiлдiру бойынша министрлiкте комиссия құрылған болатын. Бiз осы жылы тестiлеу форматын өзгерiссiз қалдырамыз деген шешiм қабылдадық. Бiз қауiпсiздiк, жауапкершiлiк мәселесiне ғана шамалы түзетулер енгiзудеміз. Олар қабылданған кезде бiз қосымша хабарлайтын боламыз», – деп атап өткен болатын.
Ал екі кезең бойынша тапсыру жүйесінің биыл енгізілмеуінің нақты себебін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев El.kz сайтына берген сұхбатында түсіндіріпті. «2015 жылы болады деген өзгерістер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы бойынша жоспарланған болатын. Бұл жоспардың өзгертілуіне байланысты өзгерістер де кейінге қалдырылды. Жоспар бойынша ҰБТ-ны екі кезеңде өткізу емес, екі түрлі емтихан енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Жоғары оқу орнына түсу емтихандарының мазмұнына мамандықтарға байланысты бейіндік пәндерді енгізу жоспарланған. Мысалы, Жалпы медицина мамандығына түсетіндер үшін химия және биология пәндері. Егер, бірнеше мамандық таңдалатын болса, онда тапсыратын пәндер саны да көбейеді. Мектеп бітіру емтихандары тест және дәстүрлі түрде жоспарланған болатын», – дейді Қали Әбдиев мырза. Міне, жыл сайын жаңалық енгізуден жалықпайтын және сол жаңа реформаларын жүзеге асыруды кейінге қалдырудан талмайтын Білім және ғылым министрлігінің бір жобасы екінші бір жоспардың орындалуына кедергі келтіруде.
Қ. Бүйенбай