Тестті қалай тапсырамын? Төмен балл жинасам не болады? Биыл қандай өзгерістер бар? Талапкерлерді өте мазалайтын сауалдар. Біз осы жəне басқа да ҰБТ-ға қатысты сұрақтарды Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Əбдиевке қойған едік…
Ұлан: Қали аға, биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?
Қ.Əбдиев: Айтарлықтай өзгеріс жоқ. ҰБТ жылдағы ереже бойынша 2-9 шілде аралығында өтеді. Ең негізгі жаңалық – талапкерге қайта тест тапсыруға мүмкіндік беру. Яғни, ұлттық тестілеуден межелік балды (50 балл) жинай алмаған талапкер кешенді тестілеуге қатысады. Қайта тапсыру үшін өзіндік шарттары бар. Тамыз айының соңында кешенді тестілеу өткіземіз. Ол кезде мектепті бұрын бітірген, екінші мамандық алуды қалайтындар тест тапсырады. Мерзімі – 1-18 тамыз аралығы.
Ұлан: Тəртібі қандай?
Қ.Əбдиев: Алдымен құжат тапсырады. Тəртібі кешенді тестілеудің ережесімен бірдей. Тест тапсыру орны – жоғары оқу орындары. Облыс орталықтары мен үлкен қалаларда жоғары оқу орындарына барып, құжат өткізеді. Төрт пəннен (қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика жəне таңдау пəні) тест тапсырады. Себебі, оған қатысушылардың барлығының аттестаттары болуы міндетті. Бірақ, кешенді тестілеуде жинаған ұпайымен мемлекеттік гранттың конкурсына қатыса алмайды. Тек жоғары оқу орындарының ақылы бөлімінде білім ала алады.
Ұлан: Егер кешенді тестілеуден де шекті балды жинай алмаса ше?
Қ.Əбдиев: Соңғы мүмкіндік бар. Оның мағынасы шартты түрде оқу орнына қабылдау деп аталады. Талапкер жоғары оқу орнына барып, ақылы бөлімге өтініш жазып, шартты түрде қабылданады. 1 семестрден соң қосымша 1-курстың бағдарламасынан бөлек, кешенді тестілеуге дайындық жүргізеді. Ереже бойынша қаңтар айында тағы бір тест тапсырады. Егер сынақты жақсы тапсырса, толық студент болып есептеліп, оқуын жалғастыра береді. Егер тапсыра алмаса, оқу орнынан кетуге мəжбүр болады.
Ұлан: Тестілеу кезінде қолдануға болатын жəне болмайтын заттарға тоқталсаңыз…
Қ.Əбдиев: Тестілеуге қалам, Менделеев кестесі жəне тұздың ерігіштік кестесін алуға ғана рұқсат берілген. Ереже жалпыға бірдей. Ал рұқсат етілмейтін заттардың саны өте көп. Ең бірінші – ұялы телефон. Байланыс жасайтын əртүрлі рациялар, смартфон, шпаргалка. Əрбір пунктте екі құрылғы жұмыс істейді. Біріншісі – есік іспетті металл іздегіш. Əуежайда тұратын құрылғы сияқты. Құрылғының арасынан өту керек. Егер қалтасында планшет не телефон болса, құрылғы дыбыс шығарады. Мұндай жағдайда комиссия оқушының өз еркімен ұялы телефонын тапсыруын талап етеді. Екіншісі – қолда ұстайтын металл іздегіш. Бұл адамды шешіндіріп, тексеру деген əңгіме емес. Əуежайда қолданылатын құрылғы.
Ұлан: Комиссия құрамында кімдер болады?
Қ.Əбдиев: Биыл комиссияны екі топқа бөлдік. Мемлекеттік комиссия қатарында жоғары оқу орындарының басшылары, əкімнің орынбасары немесе оқу бөлімдерінің басшылары болады. Ал министрліктен баратын комиссия тікелей тесттің өтуіне жауап береді.
Ұлан: Былтырғыдай заң бұзушылық қайталануы мүмкін бе?
Қ.Əбдиев: Талапты, тəртіпті күшейттік. Оқушы ұлттық тестілеуді 11 жыл оқыған білімімнің жемісі деп санауы тиіс. Өкініштісі, біздің балаларымыз ҰБТ-дан қорқады. Жақсы оқыған оқушы кез келген қиындықтан шыға біледі. Ал талапкердің орнына басқа адам кіретін болса, алдымен талапкер жазаға тартылады. Оқу орнына түсу құқығынан айрылады. Оқушының орнына кірген адам өзінің істеген əрекетіне жауап береді. Құжатты қолдан жасаған болса, құжатты жасағаны үшін айыпталады. Айыппұл салынып, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Былтыр үлкен көлемде айыппұл салынғанын білемін.
Ұлан: Өткен жылдары Қазақстан тарихына қатысты сұрақтар дау болды ғой. Сұрақтар қаншалықты мазмұнды?
Қ.Əбдиев: ҰБТ сұрақтарының мазмұны мектеп бағдарламасының негізінде дайындалады. Ал «Р.Рымбаеваның пəтерінде неше бөлме бар?», «Н.Назарбаевтың белдігінің түсі қандай?» деген – балалардың бос əңгімесі. Талапкер сұраққа жауап беріп отырған кезде оған жауап парағының көшірмесі беріледі. Түсінбейтін, қисынсыз сұрақ келсе, параққа жазып отырғаны жөн. Егер техникалық себептен жауап дұрыс белгіленбей, оны сканер не компьютер оқымай тұрса, жағдай басқаша.
Ұлан: Жекелеген оқу орындарына грант бөлініп жүр. Мысалы, Алматы облысынан 80 балл жинаған талапкер «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығына құжат тапсырды делік. Бірақ, 70 балл жинаған қостанайлық оқушы Арқалық педагогикалық университетіне грантқа түсті. Мұны қалай түсінсек болады?
Қ.Əбдиев: Жоғары оқу орындарына гранттар жылдағыдай бөлінеді. Ал сіз айтып отырған квота тек педагогикалық институтқа ғана бөлінеді. Қабылдау комиссиясына барса, қай оқу орнына қанша грант бөлінгенін біледі.
Ұлан: Қандай оқу орындарына квота бөлінеді?
Қ.Əбдиев: Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік институты, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай инженерлік-педагогикалық институты, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, Семей мемлекеттік педагогикалық институты. Сондай-ақ, «Дарын» орталығы ҰБТ тапсырмайтын олимпиада жеңімпаздарының тізімін алдын ала жариялайтынын айтқым келеді.