11 сыныпты тәмамдаған соң сіздің алдыңызда жаңа өлкеге көшіп бару, яғни басқа қаладағы ЖОО-да оқу мүмкіндігі туады. Бұл уақытта қалаған оқу орныңызды таңдап, ҰБТ-ға дайындық барысындағы күйзеліс бәсеңдейді. Ата-анаңыздан жырақта өмір сүріп, еркін өмірдің ләззатын сезіне бастайсыз. «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» болғандықтан, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілікті мойныңызға алуыңызға тура келеді. Бұл жаңа өмір бейтаныс өлкеге сіңісумен байланысты болғандықтан, оның үлкен өмірге аз-кем болсын дайындық жасататыны анық. Көшуге қалай дайындаламыз?
Алматыдай алып шаһарларда оқуды жөн көрген түлектер мұнда да қиындықтың көп екенін ескермейді. Кезекті материалымызда осы қиындықтар туралы сөз қозғайық. Осы қиындықтарды алдын ала білу арқылы өзіңізді моральдық тұрғыдан дайындайсыз, артынша бетпе-бет кездескен кезде, қандай шешім қабылдау керектігін біліп тұрасыз.
№1 қиындық. Ақшаны орнымен жұмсау. Бір айдың шәкіртақысын келесі айға жеткізу. Мұның несі қиын дейтін шығарсыз? Шындығында көп студент бір айға ақшасын әрең жеткізеді. Бұл өзімнің де тәжірибемнен өткен. Қаржы тапшы болғандықтан, 2-курстан бастап жұмысқа орналастым. Осылайша сабақ пен жұмыс арасында «шауып» жүрдім десем де болады. Тақырыбымызға қайтып оралайық. Ақшаны орнымен жұмсау үшін барған жеріңіздегі бағаның қандай екенін шамамен болсын білуіңіз керек. Бұл мәселеге реалистік тұрғыдан қараған сайын, оны оңай шешесіз. Және ауылдан беріп жіберетін соғым, мүшек-мүшек картоп дегеннен мүлдем бас тартпаңыз. Кейде студенттердің ауылдан азық-түлік алдырып отыруға ұялатын әдеті болады.
№2 қиындық. Үй шаруасын ретке келтіру. Қыз балалар мектепті тәмамдағанша тамақ жасап, үйді тазалап, кір жуып үйренетіндіктен, бұл мәселеде аса қиналмайды. Ал жігіттеріміздің жағдайы қиындау. Өйткені біздің менталитетімізге сай «ол кісілер» үй шаруасына араласпайды. Мұны тек қыз баласы жасауы тиіс деп біледі. Бөлмесін шашып, киімдері бірнеше апта бойы жуылмай жатады. Ыдыстар да қолданылатын кезде ғана жуылады. Алайда уайымдамаңыз. Ғалымдардың айтуынша, біз кез келген әдетте үзбей жасау арқылы 21 күннің ішінде қалыптастыра аламыз. Осы жаздың 3 айында үй шаруасына атсалысып, қарындастарыңыз бен анаңызды қуантуыңызға болады. Себебі жатақханада немесе жалдамалы пәтерде тұрсаңыз да, өз киіміңізді өзіңіз жуып, үтіктеп, дүкеннен азық-түлік сатып алуыңызға тура келеді. Табысқа жету үшін тәжірибенің көп болуы керектігін ескеріңіз. Өз бетіңізбен өмір сүруге алдын ала дайындалып көріңіз.
№3 қиындық. Өзгелермен тіл табыса білу. Үйде болған кезде, барлығы оңай. Себебі еркелігіңізді ата-анаңыз қуана көтеріп, бауырларыңыз әрдайым кешіруге дайын тұрады. Бастапқыда бір бөлмеде тұратын бірнеше студент бір-бірінің мінезін жақсы танымайды. Бірақ қанша уақыт бірге тұрса да, арасынан қыл өтпейтіндей дос болып, төрт жылдан соң қимай айырылысқан жандар да бар. Бөлмеде әртүрлі адам бірге тұратындықтан, әр өлкенің тәрбиесі басқа болатынын түсінесіз. Бірінің қылығы сіздің тәрбиеңізге жат көрінсе, енді бірі сіздің мінезіңізді түсінбей дал болады. Нарынқолдықтардың «ж» әрпінің орнына айтылатын «дж», «ш» әрпінің орнына айтылатын «чш» сынды аффрикаттарын жақтырмаса, енді бірінің батыстықтардың «Не зат?», «Не хабар?» дегенінен әбден зығыры шығады. Бұдан өзге үй шаруасына қатысты қиындықтар да туындайды. Бірі ас ішкен ыдысын бірден жуса, екіншісі кейін жууды жөн көреді. Бірі Әли Оқапов секілді жастарды тыңдаса, екіншісі Мұзарт, Нұр-Мұқасан, Қайрат Нұртас орындайтын қарапайым, қазақы әндерді ұнатады. Олармен сыйысу үшін ата-анаңызбен, үйдегі бауырларыңызбен ренжіспейтіндей дәреже жетіңіз. Әрине, кикілжің өміріміздің бір бөлшегіндей болып кеткеніне таласымыз жоқ. Алайда барлығын бейбіт жолмен шешуді үйреніңіз. Адамдармен қарым-қатынасыңызды реттеу арқылы ұстаздармен де, болашақтағы әріптестеріңізбен де жақсы тіл табысасыз. Артынша болашақ жарыңызбен бірге тұрған кезде де қиналмайсыз. «Ауру қалса да, әдет қалмайды», бірақ серігіңіздің, досыңыздың кемшілігін сол күйінде қабылдап, сыйысып үйренуіңізге болады. Бұл адамның қорылдағанына ұқсайды. Мысалы, жаныңызда біреу қорылдап жатса, оны «Қорылдама!» деп айту арқылы тоқтата аласыз ба? Жоқ. Бар болғаны, оның тәтті ұйқысын бұзып, оятасыз. Ал мұның орнына құлағыңызға айналадағы дауысты естірпейтін құрал сатып алсаңыз болады емес пе? Өзіміздің қалауымызбен әуре болатынымыз соншалық, қатты шаршаған адамның ғана қорылдайтынын тіпті ескермейсіз.
№4 қиындық. Күн тәртібіне сай өмір сүру. Енді сізге «Үй тапсырмасын орында» деп ешкім айтпайды. «Әй, балам оқысаңшы, әке-шешеңді аясаңшы!» деп жүгіретін ұстаздарыңыз да жоқ. Әркім өзі үшін жүгіреді. Сізді аяғыңыздан шалып, достықтан бағаны артық көретін студенттер кездеседі. Аяғымнан шалды деп айтуға келмейді. Алайда мұндай жағдай менің басымда да болған. Университеттегі алғашқы семинарда Өмірбек пен Дәметкен есімді группаластарым «Ол қате айтты. Мен түзейінші!» деп айтқан кезде, екі көзім шарасынан шығайын деп, төбемнен тоқпақпен ұрып жібергендей күй кешкен едім. Сол сәтте «Ісім осы екеуімен болсын!» деп тісімді қайрап, артынша өздерінің қатесін іздеп отыратын әдет шығарған едім. Себебі мектепте оқып жүрген кезімізде, сыныптасымыздың қатесін түземей, тек көмектесіп отыратын едік. Алайда осы әрекеттеріміз үшін қазір қатты өкінеміз. Өйткені олар әлі де жалтақтап, шеттен көмек күтіп отырады. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Ал Өмірбек пен Дәметкен сынды группаластарымыздың арқасында сапалы білімнің достықтан қымбат екенін, нағыз көшбасшының қандай болатынын білдік. Енді сіз – өз ісі үшін жауап бере алатын тұлғасыз. Бірақ бар қиындық осыда болып тұр. Өзіңіздің уақытыңызды бақылап үйренбеген болсаңыз, дәл қазір сол мүмкіндікті жүзеге асыратын уақыт. Уақытыңызды жоспарлап үйреніңіз. Тіпті сүйіктіңізбен кездесуіңіздің қанша уақытқа созылу керектігін есептеңіз. Айдың соңында күн тәртібіңізге сай өмір сүріп үйренген, үйренбегеніңізді бақылап көріңіз.
Егер дәл қазір үйіңізде осы материалды оқып отырған болсаңыз, басқа өлкеге көшу мәселесі туралы ойлаңыз. Алтын ұяңызды қимасаңыз да, сомдалған қанатыңызбен биік белестерді бағындыратын уақыт келді. Алдыңызда тәуелсіздіктің ләззаты күтіп тұр. Онымен бірге кішігірім қиындықтар да бар...
Құрметті оқырман, алдағы үлкен өмірде жолыңыз болсын! Аз-кем кеңестеріміз пайдаңызға жарар деген үміттеміз!