Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша мамандандырылған білім беру ұйымдарының 61%-ы республикамыздың үздік 100 мектебі қатарына кіреді.
Мысалы, дарынды балаларға арналған мектептерден (124) ҰБТ-ға 4 407 мектеп бітіруші қатысса, тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл – 98 балды құрады. «Алтын белгіге» үміткер 706 түлектің 484-і «Алтын белгіні» дәлелдеп шықты.
Осылайша, оқушылардың жыл сайынғы жоғары жетістіктері дарынды балаларға арналған мектептердің өз мәртебесіне сай екендігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Айта кету керек, биыл 24 мамырда «Дарынды балалар мен дарынды балаларға арналған мектептерді қолдау туралы» Президент жарлығының шыққанына 20 жыл толды.
Осы уақыт аралығында ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы елімізде бірнеше Халықаралық олимпиада ұйымдастырды. Олардың ішінде 2015 жылы 86 елдің 630 оқушысы қатысқан IOI-2015 (оқушылар арасындағы информатикадан XXVII халықаралық олимпиада), 2014 жылы 85 елдің қатысуымен өткен 45-ші Халықаралық физика олимпиадасын, 2012 жылғы химиядан халықаралық Менделеев олимпиадасын және 2010 жылы 98 елдің қатысуымен өткен халықаралық математика олимпиадасын айтуға болады.
Дарын білім беру желісі мектептерінің биыл ҰБТ-дан 125 балл алған 6 түлегі:
– 2009-2010 оқу жылында 5-сыныпты, 2010-2011 оқу жылында 6-сыныпты «Үздік мақтау грамотасымен» аяқтадым. 2011-2012 оқу жылында №2 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына ауысып, 7-сыныпты, 8-сыныпты «Үздік мақтау грамотасымен» аяқтадым. Осы оқу жылдары барысында, математика, биология, қазақ тілі пәндерінен мектепішілік пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтижелер көрсеттім. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен зияткерлік сайыстарға, олимпиадаларға қатысып жеңімпаз атанғаным менің қызығушылығымды арттырып, алға ұмтылдырып ізденіске жетеледі. Білім Ордасының жүйелі түрде жолға қойылған білім жоспарлары, ұлағатты ұстаздарымның білім беру жолындағы тынымсыз еңбектері мен ата-ана, отбасымның берген тәрбиесі және талмай еткен еңбегімнің арқасында Ұлттық бірыңғай тесттен 125 балл жинадым. Осындай жетістікке жетуіме қолғабыс еткен мектебіме, ата-анама алғысым шексіз! Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен баршаңызды құттықтағым келеді.
– 11-сынып табалдырығын аттағаннан кейін-ақ, мен өзіме ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп қойдым. Жыл бойы таңертеңнен бастап кешке дейін табанды дайындыққа кірісіп, 5-11-сыныптар арасындағы өтілген мектеп бағдарламасын қайталадым. Білімді шәкірт білімді ұстаздан ғана шығады, сондықтан да ұстаздарымыздың ерен еңбегін атап өткім келеді. Олар бізді білім нәрімен сусындатып, тестілеуге психологиялық тұрғыдан да дайындады. Екінші анамыздай болып кеткен сынып жетекшімізге де, бүкіл ұстаздар қауымына да алғысымыз шексіз. Сонымен бірге, біздің дайындығымыз үшін бар жағдай жасаған ата-аналарымызға, әрқашан бізге демеу берген сыныптас достарыма да ерекше алғысымды білдіргім келеді. Осындай қолдау мен дайындықтың нәтижесінде мен тестілеуге сенімді болып кірдім. Жоғары ұпай алуымның себебі мен құпиясы да осында.
– Осындай жетістікке жетуім біріншіден, ата-анамның шексіз берік қолдауы, екіншіден, ұстаздарымның оқушылары үшін аянбай сіңірген қажырлы еңбегі мен өзімнің де білімге деген құштарлығымның арқасы деп білемін. «125 балл» деген жоғары нәтижеге қол жеткізгеніме сыныптастарымның да қосқан үлесі зор. Олар маған сенім артып, мені әрқашан қолдап жүрді. Балам ең сапалы білім алып, білімді де зерек оқушы болсын деп мені еліміздің ең үздік білім ордаларына оқуға жіберген анама, әкеме, шәкірт деп бар күшін салып білім нәрін сусындатып, адамгершілік қасиеттерді бойыма дарытқан ұстаздарыма, маған демеу бола білген достарыма деген алғысым шексіз!
- М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназияның 2015-2016 оқу жылының «Алтын белгі» иегерімін. Көп балалы отбасыда тәрбиелендім. Бұл білім ұясында үшінші сыныптан бастап оқыдым, бастауыш сыныптан бері оқу озатымын. Ұстаздарым мен ата-анамың тәрбиесінің арқасында және талмай еткен еңбегімнің нәтижесі болар, ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 балл жинадым. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен зияткерлік сайыстарға, олимпиадаларға қатысуым қызығушылығымды туындатып, алға ұмтылдырып ізденіске жетеледі. Футболға міндетті түрде уақыт табамын. Министр бастаған барша білім жүйесіндегі ұстаздарға тәуелсіз Қазақстанымның азаматы ретінде алғысымды айтқым келеді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 балл жинап, жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестат иегері атанып отырмын. Лицей қабырғасындағы түрлі білім сайыстары мен шығармашылық байқауларда жеңімпаз атандым. Атап айтсақ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен зияткерлік сайыстарға, олимпиадаларға қатысу мені бәсекеге қабілетті болуға шыңдады. Мысалы, жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде химия пәнінен ІІІ орынды, «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық пән олимпиадасында химия пәнінен ІІ орынды, жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқушылардың VІІІ Президенттік олимпиадасында ІІІ орынды иелендім. Қазір ағылшын тілінен IELTS емтиханының қорытындысы бойынша әлемдегі, ТМД-дағы белді университеттердің бірі Назарбаев университетінің түлегі атанып отырмын. Осы жетістіктерге жеткізген мектебіме, ұстаздарыма, дарынды балаларды тәрбиелеуге көңіл бөлген президентке алғыс айтамын.
– 2005 жылы ең алғаш Алматы қаласында №12 қазақ мектебі болып ашылған 92 жылдық тарихы бар «Қазақтың қара шаңырағы» атанған Алтын Ұя мектебімнің табалдырығын аттадым. Менің ҰБТ-да 125 балл алып жоғары көрсеткішке жеткеніме, өзімнің білім кемесінде ерінбей еңбектеніп, аянбай бар ынта-жігеріммен 11 жыл алған білімімнің нәтижесін жоғары деңгейде көрсетіп, мектеп мақтанышына айналуыма ұстаздарым мен әкем, анам көп үлес қосты. Мектеп, әр оқушының қабілетіне қарай, даралай және саралай білім бере алатын, білікті ұстаздар қауымымен ерекшеленеді. Қазір мектебіміз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер қатарына кірді. Менің мақсатым - Қазақстанның қаржы-экономика саласының ең үздік маманы болу. Сыныптастарыма және барша мектеп бітірушілерге айтарым «Үлкен өмір белестерінде» биік шыңдардан көріне берулеріңе тілектеспін!