Қазіргі таңда көп оқушының сынама тестілеу барысында шпаргалка пайдаланатыны жасырын емес. Шпаргалка қолдануды өнердің бір түрі деп бағалайтындар да бар. Алайда ҰБТ кезінде көшірген дұрыс па? Әрине, бірнеше телефон мен түрлі шпаргалка алып кірсеңіз, жоғары нәтиже көрсететініңіз анық. Алайда сізге дәл осындай балл қажет пе?
Сіз өзгелерді ғана емес, өзіңізді де алдайсыз. Сынама тестілеу кезінде телефон мен шпаргалканы қолдануға мүмкіндік көп болады. Бірақ ҰБТ кезінде тексерушілердің өте қатал болатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұндайда не істейсіз? Біз жалған нәтижеге сеніп, қолымыздан көп нәрсе келеді деп ойлаймыз. Басымызда білім болмаса да, өркөкіректене түсеміз.
Бұдан шығатын қорытынды: телефонға немесе парталасыңызға сенім артудың қажеті жоқ. Телефоныңызды тартып алып, парталасыңыз сізге назар аудармауы мүмкін. Барлығы өз жұмысымен әуре болып отырады. Сол себепті жақсылап дайындалыңыз. Сынама тестілеуді шпаргалканың көмегінсіз жазып көріңіз. Сол кезде өз күшіңізбен қанша балл алатыныңызды нақты білетін боласыз.
ҰБТ-ның сынама тестілеуге қарағанда, қиын болатыны рас. Бұл жерде білмеген сұрағыңызды болжап белгілей салуға болмайды. Әрине, мүмкіндік туып жатса, көшіріп қалуыңыз мүмкін. Алайда биыл бақылау қатаң болатындықтан, шпаргалкамен ұсталған оқушыны аудиториядан бірден шығарып жібереді.
Қорытынды ҰБТ кезінде оқушылар қағаз, код жазылған лента, телефон сындыларды алып кіруге тырысады. 2012 оқу жылында бір оқушы 12 метрлік шпаргалка алып кірмекші болған жерінен ұсталған. Оларды өткізу оңай. Тіпті 2012 жылы ҰБТ тапсырған түлектер темір іздейтін құралдың істемейтіндігін, жәй сырт көзге көрсету үшін арналғандығын айтқан. Бірақ аудиторияларға ұялы байланысқа кедергі жасайтын құралдар қойылып, базаны жаңартқандықтан, шпаргалкалардың пайдасы болмай қалған. Сол себепті шпаргалка мен ұялы телефонды пайдалана аламын деп ойламағаныңыз жөн. Көмектесетіні рас шығар, бірақ ешкім кепілдік бере алмайды.
Ал Сіз шпаргалка пайдаланасыз ба?