Көпшілігі Ұлттық бірыңғай тестке дайындықты 11 сыныпқа қадам басқаннан кейін ғана бастайды. Осы уақытта қандай мамандықты қалайтынын нақтылайды. Кей оқушылар өз мамандығына қатысты екінші пән ұнамайтын болса, дайындықты қиынсынып басқа мамандық таңдай салады. Ал мамандық деген бір жылдық қалаумен өлшенетін нәрсе емес, өмірлік азық. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өтем деп жан қалауыңыздан бас тартпас үшін біз сізге сынаққа дайындалудың тиімді тәсілін ұсынамыз.
ҰБТ форматымен танысыңыз
Ол үшін сізге алдыңғы жылғы түлектер дайындалған тест кітапшалары қажет. Қандай сұрақтар болады, қалай жүргізіледі, егжей-тегжейлі түсіндірген нұсқаулық та сол кітапшадан табылады.
Өз деңгейіңізді анықтаңыз
Сынақ кітапшасындағы тестке еш көмек қолданбай жауап берсеңіз, шынайы біліміңіз анықталады. Өте төмен ұпай жинайсыз, оған қам жемеңіз. Бұл сіздің дәл қазіргі ҰБТ-ға қатысты деңгейіңіз. Мүмкін сіз математикадан үнемі үздік боп келген шығарсыз, ал тесттен өте төмен ұпай жинадыңыз ба? Математикадан алатын бағаңыз күнделікті сабаққа қойылады, ал тест 5-11 сынып аралығында барлық сұрақты қамтиды. Сол себепті аз ұпайға уайымдаудың қажеті жоқ. Бүгінгі деңгейіңізді білу аса маңызды, енді сіз алдағы уақытты қай тақырыптарға қатысты көбірек жұмыс істеу керек екенін, өзіңіздің қандай сұраққа қатысты ақсайтыныңызды білдіңіз.
ҰБТ-ға дайындалу жоспарын құрыңыз
Әдетте, көпшілігі сынақ тесті берілген кітапшалардың сұрақтарын шешіп, білмеген сұрағын кілттегі жауабы бойынша жаттай берсем болды деп ойлайды. Ал сіз ондай дайындықпен тарих пәнінен келетін барлық датаны жаттауға неше сынақ кітапшасымен дайындалуыңыз керек? Сынақ кітапшасындағы тест сұрақтарын шешкенде білмеген сұрақтарыңыздың жауабын кілттен емес, өзіңіз ізденіп табуға тырысыңыз. Уақыт алғанымен есіңізде жақсы сақталады және алдағы уақытта кездесетін сұрақтарға да дайын бола түсесіз. Бір сұрақты білмесеңіз толық тақырыпты оқып шығыңыз, одан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз.
Теорияны жаттаңыз, дағды қалыптастыруды да ұмытпаңыз
Әр тақырыптағы маңызды ақпараттарды, ережерлерді, даталарды, формулаларды жатқа білу керек. Алайда бар назарды соған аударамын деп, дағды қалыптастыруды да естен щығармаңыз, екеуін қатар алып отырмасаңыз сынақ кезінде бірінен ақсайтыныңыз анық. Мысал келтіру, тақырыпты анықтау, автордың позициясын түсіндіру секілді дағдылар да дайындықтан қалыс қалмауы керек.
Дамуды қадағалаңыз
Сіздіңше дайындық «сабақты ине сәтімен» болып жатқандай. Жоспар бойынща теорияны жаттап, конпект жазып, есепетерді шығарып жүрсіз. Ал ілгері жылжу байқала ма? Өз-өзіңізге сынақ тестін тапсырып көріңіз де, дайындыққа дейін қандай болғанын, нені үйренгеніңізді жазып қойыңыз. Енді қай тақырыптарға байланысты өзіңізді дамыта түсуіңіз керегі айқындалады.
Өз қателігіңізді әділ бағалаңыз
Дайындық кезінде білімге қатысы жоқ мәселелерге де мән беріңіз. Мысалы жауабын білетін сұраққа байқамай басқа жауапты белгіледіңіз бе, зейін қою қабілетіңізді жаттықтырыңыз. Білмеген сұрақты қайталап, жаттап алыңыз. Білесіз, бірақ ұмытып қалдыңыз ба, тағы да қайталаңыз. «Қайталау – білім анасы» деп бекер айтылмаған. Сынақ кезінде еренсіздігіңізді «негізі білетін еді» деп ешкім ақтап ала алмайды. Бұл жерге тайм-менеджментті де қосып қойыңыз. Тесттің қай бөлігін шшуге қанша уақыт арнауыңыз қажет, ал парақшаға белгілеуге қанша уақыт қалдырасыз? Мұның барлығын есептеп отырмасаңыз, сынақ кезінде қосымша уақыт сұрау мүмкін емес.
Емтиханға ойыңызды да дайындаңыз
Иә, бұл сіздің тағдырыңызға қатысы бар сынақ. Алайда өмірдің соңы емес. Кез келген бірінші курс стундентінен сұраңыз, ЖОО емтиханының жанында ҰБТ түк те емес, сол себепті бұл сынаққа жай ғана өмірдің бір сатысы ретінде жеңіл қараңыз.
Тестте бұрын көрмеген сұрағыңыз келді ме? Шошымаңыз. Оған дайын болыңыз. Еш алаңдамай келесі сұраққа өтіп кетсеңіз, бұл сұрақтың шешімі әйтеуір табылады. Құжатыңызды ұмытып кетсеңіз, қаламыңыз жазбай қалса, бланкіні қате толтырсаңыз не істеу керек, білесіз бе? Осындай жағдайдың барлығына дайын болып, ережелермен толық танысып алыңыз.
Б жоспарына келіспеңіз
Алдағы уақытта таңдайтын пәнімді өзгерте саламын деген ой мүлде болмасын. Оқу жылының басында қандай мамандық таңдағыңыз келетінін, ол қай оқу орнында оқытылатынын, грантқа түсу үшін қанша балл қажет екенін нақты біліп алыңыз. Ешқандай қиындықтарына назар аудармай жүрегіңіз қалаған мамандықты ғана таңдаңыз, бұйырған кетпейді. Ал орта жолда басқа арнаға ауысып кетер болсаңыз, міне, соның машақаты көп болмақ. Дайындалатын уақыт аз қалғанының өзін ойлай-ойлай дайындыққа дұрыс көңіл бөле алмауыңыз мүмкін. Сондықтан Б жоспарына еш келіспеңіз.