ҰБТ. Ата-ана тарапы

ҰБТ. Ата-ана тарапы
Фото: kz.troniks.kz

Алдағы үлкен сынақ – ҰБТ-да ата-ана баласына үлкен үміт артады. Қуантарлық ұпай жинап, жақсы баға алуын күтеді. Бастысы, оның амандығы. Ал ата-ана тарапынан балаға қандай көмек керек? Әрине, қолдау. Рухани қолдау көрсетіп, оның болашағына сенім арту керек. Тағы да қандай қажетсінуі мүмкін?

Интерьер

Оқушы сабаққа даярланып отырғанда, өзін үйде емес, дайындық сыныбында отырғандай сезінуі керек. Үйдің аурасынан дайындық алаңына өте алған бала тез әрі тыңғылықты әзірленеді. Ол үшін баланың бөлмесі ашық түсті болуы керек, күн сәулесі де жақсы түсуі тиіс.  

Мүмкіндік беру

Баланың білім алатын кеңістігіне ене бермеу керек. Оған тыныштық беріп, бейберекет мазасын алмаған дұрыс. Оның күн тәртібін сырттай бақылауда ұстаған артық болмайды. Сабақ кестесін, сабақтан кейінгі дайындықтарын, тамақ ішетін, жатар уақытын қадағалап отыру керек.

Ауқат

Шоколад, жаңғақ, алма, табиғи шырын секілді дәруменге бай және миға серпін беретін, иммунитетті байытатын тағамдар дастарханнан табылса игі. Бастысы, өз уақытында болғаны дұрыс. Дастархан басында «былай ету керек», «парталасың мынадай балл жинапты ғой, ал сен...» деген әңгімелерден аулақ болған дұрыс.

Жылы сөз

«Жақсы сөз — жарым ырыс». Балаға қанат бітіретін сөздер майдай жағады. Баланың қабілетіне қарай болашақ туралы көбірек сөйлескен абзал. Мысалы, оқушы математикадан алғыр болса, «болашақта жоғарғы білімді шетелден алып көрерсің» деген секілді сөздермен қуаттандырған жөн.

«Отбасы және мен»

Отбасы мүшелерінің арасында үзілмейтін қатынас болуы шарт. Әсіресе дастарқан басында бір-бірін жақсы көретінін, әр отбасы мүшесі бір-бір тұлғаға айналатына сенетінін білдіріп отырғаны абзал.

«Ал егер...»

Бұл сөз оларды қорқытатыны белгілі. Бірақ,  өмірлік ұстанымда «Б жоспары» («План Б») болу керек екенін осы сәттен бастап баланың санасына сіңіре беру керек. «Уайымдама! Біз сенімен біргеміз! Алған баға ойдағыдай болмаса, ел сыртындағы мемлекеттерде ұйымадстырылатын білім гранттарына құжат өткізіп көреміз» дегендей екінші қанат сыйлаңыз.

Уайым

Егер ата-ана уайымшыл болса, бала да қорқа бастайды. Үлкендердің қорқынышын көре тұра, ол да сынақ алдында екі есе уайымдай түседі. Сол себепті әр отбасы үшін бұл сынаққа салқынқандылықпен қарағаны немесе уайымын білдірмегені дұрыс. Егер ата-ана өз білімділігін таныта алса, бала да өз қабілетін жасырмайды.

Ата-ана үшін бауыр етінің амандығы – басты орында. Ол оның әрқашан биіктен түспеуін қалайды. Өзінен асып, жоғары жетістікке жеткенін қалайды. Сынақ тек бала үшін емес, ата-анасы үшін де сынақ. ҰБТ-дан қорықпай, өз біліміне сеінп, алға бірге қадам баса алған отбасы жақсы көрсеткішке жете алады.

Г. Берік