ҰБТ тапсырған әр талапкер тест нәтижесімен келіспесе, апелляцияға беруге құқылы. Бірақ апелляцияға қалай және қашан шағым түсіруге болатыны жайлы бірі білсе, бірі білмей жатады. Осы тақырыптың тінін тарқатып көрейік.
Апелляциялық комиссия деген не?
Апелляциялық комиссия оқушы дау тудырған сұрағын шешуде талапкердің құқығын қорғау үшін құрылады. Бұл комиссияның екі түр болады: бірі, барлық ҰБТ орталығында болатын жергілікті апелляциялық комииссия, екіншісі республикалық апелляциялық комииссия.
Апелляциялық комиссия ҰБТ тапсырылғаннан кейін бірден жұмысына кіріседі және белгілі бір уақыт аралығында ғана жұмыс жасайды.
Комиссия әр пәннен білікті педагогтерден құралады. Комиссия құрамын жергілікті не облыстық Білім беру мекемесі бекітеді, ал комиссия төрағасын ҚР Білім және ғылым министрлігі бекітеді.
Егер ҰБТ кезінде сұрақтан не жауаптан дау туындаса, тест қорытындысы белгілі болған соң, көп созбай апелляцияға шағым беруге болады. Сонымен қатар, шағымды екінші адам (ата-ана, туыс, мұғалім) емес, талапкердің өзі тапсырады. Апелляциялық комиссия барлық даулы мәселені қабылдап, белгілі бір уақыт аралығында шешімін шығарады.
Қандай жағдайда апелляция беруге болады?
Берілген сұрақтың дұрыс жауабы жоқ болса;
Берілген сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы бар болса;
Тапсырманың құрылымы дұрыс емес деп есептейтін жағдайда.
Егер сұрақ кітапшасында берілген материалда не терілген мәтінде қателік табылса. Міне, осындай жағдайларда ғана апелляцияға шағым беруге болады. Арыздың екі түр болады: берілген мәтінмен келіспеушілік туындағанда немесе техникалық қателік кеткен жағдайда. Арыз алдын ала бекітілген үлгі бойынша толтырылады. Бланк ҰБТ тапсырған орталықтан алынады.
Жергілікті апелляциялық комиссия сіздің мәселеңізді талқылайды, егер олар ұпайды сіздің пайдаңызға шешсе, шешімді Республикалық комиссияның қарауына береді. Республикалық комиссия жергілікті комиссияның тексерген мәселесін қайта қарап, талапкерге ұпай беру туралы шешімді тексереді. Республикалық апелляция комиссиясының құрамына да білікті мамандар отырады. Олар да талапкер жіберген арыз-шағымды қарап, бағасын шешеді.
Сұрақ кітапшасында кеткен қателік немесе мәтін дұрыс көрінбеген жағдайда комиссия сұрақты Ұлттық тест орталығына жібереді, ал егер оқушының пікірі дұрыс деп танылса, автоматты түрде талапкерге ұпай қосылады және талапкерге ұпай қосу туралы шешім жергілікті комиссияға жолданады.
Егер сіздің тараптан қателік кетпесе, өз құқығыңызды қорғай алуыңыз керек. Бір ұпайдың артық-кемі жоқ деген ойдан ада болыңыз. Бір балл талапкердің бағын шешеді, грантқа қабылдау кезінде бір ұпайдың өзі құнды. Статистикаға сүйенсек, апелляцияға жіберілген мәселелер 50% оқушының ұпайына шешілген. Мысалы, 2014 жылы ҰБТ-дан кейінгі апелляцияда 123 шағымның 64-і оң нәтиже берген екен.