Ұлттық бірыңғай тестілеу Қазақстанда 2004 жылдан бастап өткізілді. Осы кезден бері дәстүрлі түрде өткізілетін болды. Биылғы ҰБТ сынағы соңғы рет дәстүрлі әдіспен өтеді. Дегенмен, бұл жылдың өз ерекшелігі бар. Мәселен, талапкерлер екінші рет қайта тапсыра алады. Осыған дейін өзгеріссіз келген қағидаларға 2016 жылы қандай жаңалықтар енді?
ҰБТ-ны қайта тапсыру мүмкіндігі
Биылдан бастап ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Сынақты қайта тапсыра алатындар кімдер? ЖОО-ға қабылдана алатын 50 баллдан төмен жинаған талапкер ғана мұндай мүмкіндікке ие. ҰБТ-ның «екінші айналым» сынағы тамыз айының ортасында ұйымдастырылады. Бұл үшін ЖОО-ға қабылдау өтініші, 3х4 сурет, жеке басты куәландыратын куәлік және орта білімді бітіргенін аяғақтайтын аттестат керек. ҰБТ-ны екінші мәрте тапсыру мүмкіндігі үшін 2242 теңге төленеді.
ҰБТ-ны қайта тапсыра алмайтындар кімдер?
1. Бірінші тест сынағында «екілік алған» талапкер.
2. ЖОО-ға түсуге баллы жеткілікті, тек нәтижесін түзегісі келетіндер екінші мәрте ҰБТ тапсыра алмайды.
ҰБТ-ны электрондық нұсқада тапсыру мүмкіндігі
Тек Өскемен қаласында ғана компьютер көмегімен ҰБТ-ны тапсыру мүмкіндігі туып отыр. Аймақтық тест орталығы ашылып, өскемендік талапкерлер алғаш рет ҰБТ-ны электронды нұсқада тапсырмақ. Бұл әдіспен барлық талапкер тапсыра алмасы анық. Жоғарғы сынып оқушысы дәстүрлі әдіспен, яғни жауап парағын бояп тапсыра ма, әлде компьютерге жүгініп тапсыра ма – өз еркінде. Ол үшін өтініш жазады.
ҰБТ-ны дәстүрлі әрі компьютерлік нұсқада тапсыру бір уақытта өткізіледі. Айырмашылығы мынада: бір оқушы сұрақ кітапшасымен орындаса, екінші талапкерге таза парақ беріледі. ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа әдістің өз ерекшелігі барын алға тартады. Әсіресе, мониторда бейнелер мен графиктер анық көрінеді екен. Оған қоса, талапкерлер жауап парағын толтырып, уақытын өлтіріп алмайды. Компьютермен тапсырған ҰБТ-да тест аяқталғанға дейін жауапты өзгертуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, тест жауабы сынақты аяқтаған кезде белгілі болады.
Елордалық шенеуніктердің айтуынша, орталықта психологтар мен аниматорлар жүреді екен. Олар талапкерлердің қорқынышын сейілтіп, күш береді.
ҰБТ-ға қатысушылар тізімі
ҰБТ-ға қатысушылар тізімі артады. Себебі, олардың қатарына 3 жыл аралығында халықаралық олимпиадаға және ғылыми жобаға қатысқан талапкерлер енді. Бұрын халықаралық білім бәйгесіне қатысушылар тестілеуден босатылатын. Биылдан бастап, халықаралық олимпиадаға және ғылыми жобаға қатысып, жүлделі орын алған жеңімпаздар ғана ҰБТ-ға қатыспайды.
Мемлекеттік комиссия құрамы
Енді мемлекеттік комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым өкілдері де енеді. Шенеуніктер мұны тестілеудің өтуін жеңілдетеді деп сендіреді. Комиссия құрамына үміткердің жақын адамы тест тапсыратын болса, комиссия құрамынан шеттетіледі.
Апелляцияны тексеруші
Ендігіде тапсырылған апелляцияны ЖОО-ның оқытушылары мен ғалымдар тексеретін болады. Бұрын апелляцияны қарайтын құрам тек мұғалімдерден құралатын. Министрліктің мамандары сұрақ пен жауаптың дұрыс-бұрысын профессорлар мен доценттер тексеретін болады дейді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қазан айында ҰБТ-ны өткізу мерзімі ауысады деген пікір де айтылды. "(...) Бірінші кезекте бұл Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарының интернационализацияландыруымен байланысты, сондықтан ол жақта оқуға қазақстандық жастарды тартады. Бірақ мұнда екі мәселе бар: біріншісі — біз де нормативімізді өзгерткіміз келеді, себебі жастарымыз еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге кепілі мен мүмкіндіктері болуы үшін ҰБТ-ны жазда емес, ертерек тапсыра алатындай жағдай жасаймыз. Біз қазіргі уақытта бұл жобаны жасап жатырмыз, келесі жылы оны жария етеміз. Содан кейін оны сынақ тәртібінде енгіземіз. Біздің идеологиямыз тестті белгілі бір бөлігін маусымды күтпей, жылына бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік беру дегенге сәйкес келеді. Әдетте ресейлік жоғары оқу орындары қыста немесе көктемде келеді де, жастарды қабылдай бастайды. Біз де жастарымыздың тестті ерте тапсыра алатын мүмкіндігі болғанын қалаймыз",– деген ҚР білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев.