Әлеуметтік желілерде ҰБТ аудиторияларының бірінде түсірілген видеоның скриншоты делінген фото пайда болды. Кадрдан оқушылардың емтихан кезінде ұялы телефон пайдаланып отырғанын көруге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.
"Біз жарияланған мұндай фотоларды тексеріп жатырмыз. Егер видео расталып, түлектердің аты-жөнін анықтаған жағдайда біз ҚР Білім және ғылым министрлігінен оқушының тестілеу нәтижесін жоюды сұраймыз", - деді Ұлттық тесілеу орталығы өкілдері.
Сонымен қатар, Интернетте ҰБТ-2015 алғашқы күнінде түсірілген тестілердің фотосы пайда болды деген ақпарат та бар. Тестілеу орталығы өкілдері кейбір оқушылардың аты-жөндері анықталғанын айтты. Олардың шешімдері 3 маусымның соңына дейін анықталады.
Айта кетсек, тестілеудің алғашқы күнінде емтихан 48 пунктте өткізілді. Өтініш берген 19 743 адамның 18 889-ы (95,5 пайызы) ҰБТ-ға қатысты. 27 түлек емтиханнан шығарылды.
"3 727 ұялы телефон, 3 894 шпаргалка, 83 калькулятор, 5 рация, 12 роутер мен модем, яғни, тыйым салынған 7 725 зат табылды. Орташа балл - 79,7. 3478 түлек (18,4 пайыз) 50 балдан төмен жинады, 3409 оқушы (18,1 пайыз) 100-ден асырды. Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ҰБТ-ға оқушылардың орнына кірген бөтен адамдар ұсталып, олардың нәтижелері жойылды", - деді ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер.
Сонымен қатар, тестілеудің алғашқы күнінде Тараздағы №45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі Гүлназ Жандосқызы Ердосова 125 балл жинады.