- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Түлектердің 71%-ы ҰБТ...
Түлектердің 71%-ы ҰБТ тапсырады
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қазақстандық түлектердің 71%-ы қатысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздегі мектеп түлектерінің жалпы санының 71%-ы 87 782 оқушыға тең. Олардың ішінде қазақ тілінде оқитындар - 62 384, орыс тілінде - 25 398. Биыл ҰБТ 165 өткізу орнында 4 ағында жүргізілетін болады. Олардың ішінде 116-сы аудан орталықтарында, 49-ы Астана және Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының орталықтарында орналасқан. Емтихан тапсыратын дәрісханалар саны - 1 079.
"Биылғы ҰБТ 2-8 маусым аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға дайындық Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңсесінде бақылауға алынған. ҰБТ өтетін орындарда тестілеуді тапсырудың ережесі мен тәртібі барлық түлек үшін орналастырылған: 1-ші күн - тестілеу, 2-ші күн - аппеляция. Тестілеу санының ең көп ағымы Оңтүстік Қазақстан облысында болады деп жоспарланып отыр", - делінген министрліктің хабарламасында.
Министрліктегілердің айтуынша, ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік комиссиямен ҰБТ болатын жерлерді саралап, емтиханды тапсыру үшін барлық оңтайлы жағдайды жасап жатыр. Облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында ҰБТ барысында келіп түскен түлектер мен ата-аналардың шағымдарына жедел түрде жауап беру мақсатында ҰБТ өткізу бойынша үйлестіру штабын орнатады. ҚР БҒМ жанында республикалық штаб өз жұмысын атқаратын болады.
Қ. Бүйенбай