Жоғары оқу орнына түскен соң топтың басшысы, яғни староста сайланады. Оны топ студенттері куратормен бірлесіп, дауысқа салу арқылы таңдайды. Мектебінде староста болып келген талапкерлер ЖОО-ға келген соң да билік жүргізіп, көшбасшы болғысы келеді. Топ басшысы – өз тобын оқытушылармен байланыстырып, хабарландырулармен құлақтандыратын студент.
Старостаға тән қасиеттер: жауапкершілігі жоғары, жанындағыларға жанашыр, кез келген адаммен тіл табыса білетін, ұйымдастыру қабілеті ұшқыр, ашық мінезді, пысық. Өз бойынан осы қабілеттерді көре білген студент өзін старостаға үміткерлікке ұсынады. Оны басқа студенттер ұсынса, бас тартуға толық еркі бар.
Староста болып сайланған соң үнемі жиналыстарға шақырту алып, баруға міндетті боласыз. Бармай қалсаңыз, тобыңыз ақпараттардан бейхабар қалғанына сізді кінәлайды. Барсаңыз, көптеген сабақтардан қалып, балл алу мүмкіндігінен айырыласыз. «Жиналыста болдым», «староста едім» деген сылтауларыңызға оқытушылар түсіністік танытады деп айта алмаймыз.
Старостаның «бағасы басқаларынан жоғары болады», «кез келген оқытушыға қалаған балын қойғыза алады», «барлық оқытушымен өте жақсы қарым-қатынаста болады» деген аңыздарға сенбей-ақ қойыңыз.
Тобыңыздағы студенттердің сабаққа келмеген, кешіккен себептері көп жағдайда сізден сұралады. Олардың көңілін қалдырмау үшін үнемі өтірік айтып жүруіңізге тура келеді. «Ол кептелісте тұр», «ауырып жатыр», «үйінде біреу сырқаттанып қалыпты», «қазір келеді» деген жалған сөздер сіздің үйреншікті сөз тіркесіңізге айналады.
Өкінішке орай, өздері староста болғысы келмейтін студенттер топтың бар шаруасын топ басшысының мойнына іліп қояды. Олардың сынақ кітапшаларын арқалап жүру, ұстаздардың қолын қойғызу, әр студенттің балын бақылап, аз балл алған студент үшін оқытушыларға жалынып-жалбарыну, әр өзгерген сабақ кестесін, әр жаңа ақпаратты барлық студентке хабарлап жеткізу сіздің міндетіңіз іспетті болады. Осы істердің біреуі атқарылмай қалса, бұрынғы көрсеткен көмегіңіздің барлығы желге ұшып, топпен түсініспеушілік орнайды.
Осындай кемшін тұстарына байланысты старосталыққа таласу қажет емес деп ойлаймыз. Барлығын мойныма алам деп бел бусаңыз, староста сайлануы кезінде әлі танысып үлгермеген топтастарыңызбен, старосталыққа үміткерлермен кикілжіңге келіп қалмай, жағдайды барынша сыпайы, бейбіт түрде шешуге тырысыңыз және тобыңыз үшін жасаған жақсылықтарыңызды міндетсініп айтып жүрмеңіз, барлық студентке тең қарап, әділ болыңыз.
Өзіңіз староста болмасаңыз, оның топ үшін жаны шығып жүгіріп жүретін қасиетін бағалап, аса ауыр жауапкершілігін ескеріп, зор құрметпен қараңыз.