1 қыркүйекке киетін киімге жігіттер аса бас қатырмайтын болар. Бұл мақала бірінші курс қыздарына арналады. «Киіміңе қарап күтіп алып, біліміңе қарап шығарып салатын» жер – нағыз осы жоғары оқу орны. Сондықтан жаңа өміріңіздің ең алғашқы баспалдағын қандай киіммен аттауыңыз да зор маңызға ие.
Мектеп оқушысы секілді «үсті – ақ, асты – қара» киім кимегеніңіз жөн. Студент болғаныңызды сезініп, ашық, жарқын түсті киімдер таңдасаңыз, ұтылмайсыз.
Ашық, көтеріңкі көңіл сыйлайтын киім киемін деп қысқа белдемше, шорти, джинсы, денеге жабысып тұратын көйлек, тар шалбар, жағасы кең ойылған жейде секілді киімдерге ұрынып қалмаңыз. Бұл киімдермен қоса тым биік өкшелі туфли, баттастыра жағылған бояу ең алғаш көрер көзге сізді жеңілтек етіп көрсетуі ықтимал.
Кісіні аяқ киіміне қарап танитын адамдар да бар. Жазғы ашық аяқ киімдерден бас тартып, күздік туфли таңдағаныңыз жөн. Түсі қара, қою түсті болып, жылтырап тұрғаны абзал. Киіміңізбен түстес ашық түсті туфли киемін десеңіз де еркіңізде. Өкшесі 8 сантиметрден биік болмағаны дұрыс, бірнеше уақыт тікеңізден тік тұрып мерекелік концерт көруге тура келсе де, оқу орнынан шыққан соң топпен бір жерге баратын болсаңыз да, ана қабаттан мына қабатқа көтерілуге де осы биіктік ыңғайлы болар. Ал 1 қыркүйекке есі дұрыс адам сүйретпе кимейтіні онсыз да түсінікті. Сүйретпе аяқ киім мен шортиді оқу орнына киюге мүлдем тыйым салынған.
Тағатын әшекей бұйымдарыңыз да тым көз тартарлық болмай, елеусіздеу таңдалғаны абзал. Топтастарыңыздың есінде «дөңгелек сырғалы қыз», «бақа секілді көзілдірік киген», «үлкен сақиналы студент» деген секілді атпен қалып қойғыңыз келмейтін шығар. Фотоға түскенде қанық шығуы үшін аздаған макияж жасасаңыз жарайды, жоғарыда ескерткеніміздей, аса ашық түспен, тым көп бояп, бетіңізге «ұрысқақ қыздың суретін» салмаңыз.
Мерекелік кешке дайындалғандай, жаңа жылға безендірілген шыршадай жасанудың қажеті жоқ. Кешкі отырысқа арналған, тым жылтыр көйлектер мен жейделерге жоқ деңіз.
Бейтарап түсті белдемше мен ашық түсті жейдені үйлестіріп киюді ұсынамыз, сыртына пиджак кисеңіз де жарасады.
Классикалық шалбар мен костюм кисеңіз де образыңыз ашыла түсер. Офистік стильде тігілген көйлек пен пиджак қате таңдауға жатпайды. Жаңа таныстарыңызға бірден әсер етіп, есінде қалам десеңіз, киімдеріңіз алқызыл, аспан көк, ашық жасыл секілді көңіл-күй сыйлайтын түстерден құралсын.
Бастысы, не кисеңіз де денеңізге қонымды, пішініңізге жарасымды, тұлғалық беделіңізге нұқсан келтірмейтін, жүріп-тұруыңызға ыңғайлы киім болсын.