Сіздің де лақап атыңыз бар ма?

Сыныптастарымыздың өзгелерге лақап ат қоюдың шебері екендігі ешкімге де құпия емес. Көп жағдайда олардың қойған лақап аты көңілге тиеді. Мысалы, қоңырау кезінде «Ей, Қазанбас, бері келіп, Мысыққа Арыстан шақырып жатыр деп айт» деген сынды болуы мүмкін. Құлаққа өте жағымсыз естіледі. Оны оқып отырып байқаған шығарсыздар. Кейде лақап аттың адамға сіңісіп кететіндігі соншалық, иесінің шын есімін ұмытып қалатын кездер болады.

Лақап аттың көңілге тиетін жері – адамның бір кемшілігіне негізделіп қойылуында. Мысалы, оқушы кезімде мені «Қарлыға – қарға, қарлығаш» деп мазақтайтын. Мұнымен қатар, бізді танымайтын адам лақап атымызға қарап бағалауы мүмкін.

Ал, оқушылар не себепті лақап ат қояды?

Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Кейде оқушы өзін өзгелерді төмендету арқылы жоғарылатқысы келеді. Мысалы, біздің Мейіргүл жаман қыз, Еркебұлан сабағын оқымайды деу арқылы, мен ғана ақылдымын деген астарлы ойды меңзеуі мүмкін. Көп жағдайда өзгелерді мазақтағанды жақсы көретін оқушы кемшілігін жасыру үшін осылай жасайды. Егер Жолдастың мұрны ұзын екенін айтып мазақтасам, менің қисық тістерімді ешкім байқамай қалады деп ойлайды.

Екінші бір себебі көреалмаушылық болуы мүмкін: «Фариза барлығынан жақсы оқиды, ол – ботаник. Ақтоты өте сұлу. Өзінше болып кетпес үшін оны «жалмауыз кемпір» деп атайық деген шешім қабылдайды. Бұл жағдайда мазақтаушылар өзінің осал екенін мойындағысы келмейді. Шындығында, олар сіздің өте сұлу, ақылды, табысты екеніңізді жақсы түсінеді. Сондықтан, көреалмаушылық танытады.

Лақап атымыз өмір бойы серік болмас үшін не істеу керек?

Ең бастысы – эмоцияңызға ерік бермеңіз. Егер мазақтаушыларға ашуланып, қарсы жауап қайтарып, жылайтын болсаңыз, жеңілдім дей беріңіз. Өйткені, олар қалағанына оп-оңай қол жеткізді. Мұнымен қатар, бұл әрекетіңізден кейін олар келемеждеуді үдете түседі. Ең дұрысы – олардың көңілге тиетін сөздеріне назар аудармау. Мазақтаушылар мақсатынан алыстаған сайын, сізден де алыстайды. Әрине, жан-жақтан мазақтап, көңілімізді жабырқататын сөздер айтылып жатқан кезде шыдау өте қиын, бірақ, сөзіме сеніңіз, нәтижесі бар.

Егер сыныптасыңыздың  еш себепсіз сізді мазақтай бастағанын байқасаңыз, жанына барып не үшін бұлай жасап жатқандығы туралы сұрауыңызға болады. Мүмкін, сіз оны ренжіткендіктен, осылай жасап жатқан шығар. Бастысы, дауыс көтермей жауаптасуға тырысыңыз.

Мазақтаушылардан арылудың тағы бір тәсілі – оның екінші рет сізге тиіскісі келмейтіндей жағдай жасау. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде ашуыма тиген сыныптасымды аямай ұрып жібергенім есімде. Бұдан кейін маған ешкім тиіспейтін болды. Бірақ, бұл әрекетім үшін ата-анамнан ұрыс естіп, артынша, расымен де, оғаш қылық танытқанымды түсіндім. Қазір сыныптастарыммен бірге отыратын отырыста қалжың болып айтылса да, іштей қысыламын. Сол себепті, сіздерге олай жасауға кеңес бермеймін. Сізді мазақтаған бойда, күлкінің объектісі мазақтаушыңыз болатындай жағдай жасаңыз. Яғни, өзін келемеждей түсіңіз. Сол кезде мұндай жағдайға екінші рет тап болғысы келмейтіні анық.

Сөз соңында сізге қояр сұрағым бар: Өзіңіз біреуді мазақтап жүрген жоқсыз ба? «Ия» деп жауап берген болсаңыз, бұл әрекетіңіздің абырой әкелмейтінін біліңіз. Сиырға туған күн бұзауға да туады демекші, ертең сізді де біреу ыңғайыссыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Әсіресе, өзгенің кемшілігін бетіне басу – үлкен айып. Адам болмысын сұрап алмайды, ол – туа біткен жаратылысы.

Біреуге көңіліне тиетін сөз айтпас бұрын, оның орнында өзім болсам қайтер едім деп ойлаңыз. Ал Сіздің қандай лақап атыңыз бар?

Сурет:boombob.ru