- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Сіз қандай оқушысыз?...
Сіз қандай оқушысыз?
Бұған дейін ұсынылған жазбалардағы кеңестерге құлақ асып, сыныптастарыңызбен қарым-қатынасыңызды ретке келтірдіңіз деген үміттемін. Ал, сабақ үлгеріміңіз қалай болып жатыр? Бестіктерді оңай алып жүрсіз бе, әлде сабақ оқу мәселесінде қиналудасыз ба? Егер үздік оқушы болу мүмкін емес деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Жақсы оқу туабіткен қасиет емес, барлығы да өзіңіздің қолыңызда.
Әрине, күнделікті бестік бағаға толтыру үшін белгілі бір дәрежеде еңбектенуіңізге тура келеді, алайда, бұл - күні-түні сабақ оқу керек деген сөз емес. Кезекті материалымызда аз ғана уақыттың ішінде сабақ үлгерімін жақсартуға көмектесетін кеңестер ұсынамыз.
Сіз қандай оқушысыз? Қабілетіңіз жоқ па, әлде дарындысыз ба? Сізге төмендегі сипаттамалардың қайсысы сай келеді?
Дарынды. Мүмкіндіктері адам таңқалдырарлық, өте ақылды оқушы. Сабақ барысында зерігеді. Сыныптасы бір тақырыпты түсінбегендігін айтқан кезде төбеге қарап «Мұны қалай түсінбеуге болады? Өте оңай тақырып қой!» деп оған ала көзімен қарайды. Бақылау жұмысын бәрінен бұрын орындайды.
Оның, расымен де, барлық тақырыпты меңгеріп, меңгермегендігін анықтау мүмкін емес. Өзгелері оның алдында күлкіге қалғысы келмегендіктен, еш уақытта көмектесуін өтініп көрген емес.
Қабілетсіз. Оның жақсы, нашар оқитындығын түсіну мүмкін емес. Күнделігінде төрттік, үштік сынды бағалар жиі көрініс табады. Еш уақытта алдыңғы немесе артқы партаға отырмайды. Сынып ортасындағы орынды жақсы көреді. Мұғалімдердің көзіне көп түспейтіндіктен, оның есімін ұмытып қалатын кездер де болады.
Бойынан белсенділік, қарсылық сынды қасиеттерді көру мүмкін емес. «Ия», «жоқ» сынды сөздердің орнына «мүмкін» деп айтуды жөн көреді. Барлық жағдайда көпшілікті жақтайды. Өзгелері күлгенге күліп, өзгелеріне қайғы әкелген дүниеге мұңаяды.
Бой ұсынғандар. Алай-дүлейлік пен бағыныштылық тән. Тақтадағы жазуды қытай иероглифтеріндей көреді. Бәрібір түсінбеймін деп ойлағандықтан, еш нәрсеге мән бермейді. Отырып сабақ оқудың орнына, талантсыз қалдырдың деп тағдырды айыптайды. Оған жөн сілтейтін адам табылса, міндетті түрде жетістікке жетер еді. Бірақ, ешкім бұл міндетті мойнына алғысы келмейді.
Өзімшіл. Өзінде көп зат бар екенімен мақтанып, оларды ешкімге бермейтіндігін айтады. Парталасының сиясы таусылса да, артық қаламын бермейді. Бестік, төрттік бағаларды жиі алады. Басқаларға қарағанда көп білсе де, ешкімге көшірткізбейді. Тақта алдында қиналып тұрған оқушының сұрағына жауап бергенді ұнатады. Осы әдеттеріне бола сыныптастары жақсы көрмейді.
Өзіңіздің жоғарыда аталғандардың қайсысына жататыныңызды біліп алған соң оқуға байланысты қандай әрекет жасайтындығыңызды таңдауыңызға болады. Ол шешім тек оқумен байланысты емес. Егер дарынды немесе өзімшіл оқушы болсаңыз, сыныптастарыңызбен қарым-қатынасыңызды өзгерту керек шығар. Басқаларына қарағанда тапсырманы бірінші болып орындайтыныңыз – өте жақсы қабілет. Бірақ, осы қабілетіңізге бола өзгелерге жеккөрінішті болып көрінудің қандай қажеті бар?
Төмендегі тәсілдің көмегімен қабілетіңізді көрсетіп, сыныптастарыңыздың арасында ерекше ықыласқа ие бола аласыз. Тәсіл өте қарапайым: басқаруды мойныңызға алыңыз. «Бой ұсынушылар» таңқалатындай жаңа ережелер ұсыныңыз. Майда-шүйдеге бола мысқылдай бермеңіз. Кеңпейілді болыңыз. Сол кезде достарыңыз да көбейеді және өзге біреу ренжіткен кезде сізді дәл осы «бой ұсынғандар» қорғауы мүмкін.
Егер «қабілетсіздердің» қатарынан болсаңыз, өзгелерге еліктеуден асқан сорақы еш нәрсе жоқ екенін біліңіз. Тұлғалық қабілеттеріңіздің бар екенін көрсетсеңіз, сыныптастарыңыз сыйлай бастайды. Ал, ұстаздар есіміңізді есте сақтап қалу үшін пәнге қызығушылық танытып, сұрақ қоюдан қысылмаңыз. Осылайша, күнделігіңізде бестік бағалар да пайда болады.
Өзіңіздің «бой ұсынушылар» тобына жататыныңызды білген кезде оқуға деген көзқарасыңызды өзгертуге кірісесіз деген үміттемін. Алдын ала қолымнан келмейді деп болжам жасаудың қажеті жоқ. 2х2=4 екенін қалай түсінсеңіз, өзгесін де солай меңгересіз. Өз күшіңізге сеніңіз. Еңбектенсеңіз, жемісін жейтініңіз анық!
Ал, Сіз қандай оқушысыз?
Сурет: voxpopuli.kz сайтынан (өңделген)
Қ. Бүйенбай