Жыл сайын бірнеше мыңдаған түлек алтын ұя – мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірдің есігін қағады. Емтиxандар аяқталды, демалыс, бастысы — еркіндік. Мектеп бітіру кеші, сәнді көйлектер, бұл — сенің күнің. Осындай қарбаластан соң, ұзын-сонар кезекке тұрып, қалаған университетіңізге құжатыңызды тапсырасыз. Алла оңдап, жоғары оқу орнының студенті атанасыз. Енді сізді мынандай cәт күтеді:
Жаңа орта — жаңа әлем
Бәрі келе салысымен, өздерін көрсетуге тырысады. Егер мектеп кезінде өте белсенді болып, университетте оның бәрін доғарамын деп келсеңіз, одан күдер үзе беріңіз. Бойыңызға сіңген белсенділік бәрібір мен мұндалап шыға келеді.
Ұстаздар бұл жолы сіздің еркелігіңізді көтермейді
Кейде тіпті мұғалімнің еркелігін сіз көтеруге тиісті боласыз. Егер өз қалаңыздан жыраққа кетсеңіз, қасыңызда басыңыздан сипап, "құлыным" дейтін ата-анаңыз болмайды. Қазірден бастап өз бетіңізбен өмір сүріп үйреніңіз.
Сағыныштың сары ауруына шалдығасыз
Оның белгілері бірден көрінбейді. Бастапқыда бақыт пен жаңашылдықтың буына мас болып, кейін қызығушылығыңыз басылған сәтте ғана белгілері анық көрінеді. Уайымдамаңыз, бұл — уақытша.
Сыныптаспен көрісу — ең үлкен қуаныш
Тіпті, ұнатпайтын сыныптасыңыздың өзін қалай жақсы көргеніңізді ұғынасыз.
Өзіңіз үшін шешім қабылдап үйренесіз
Мектептегідей сабақтан қашу, болмаса, сабаққа амалсыздан бару деген ойдан арылыңыз. Енді бәрі өзіңіз үшін. Егер көп нәрсені жоғалтқыңыз келмесе, сабақтан қалмағаныңыз абзал.
Бәріне үлгеру міндетіңізге айналады
Тайм-менеджментпен жұмыс істеуге жаттығуыңыз керек. Барлығына бірдей үлгеруге тиістісіз. Өмір – сабақ – таңдау – қызығушылық. Бұл төртеуін бір жұдырыққа жұмылдырып ұстасаңыз, кем болмайтыныңыз белгілі.
Мамандықты таңдаған – өзіңіз
Ол туралы басы артық әңгіме қозғамаңыз. Ешқашан өкінбеңіз. Өйткені, таңдау — сіздікі.
Мектептегі естеліктер мәңгі есіңізде қалатыны белгілі
Сол себептен, бір сабақпен ғана шектелмей, пысықтық пен тентектікті де жаныңызға серік етсеңіз, шытырман оқиғаның кейіпкері болатыныңыз сөзсіз.
Өмір шимай парақша емес, оны өшіріп қайта жазу қолыңыздан келмейді.
Өмірде болатын әр сәтіңізді бағалаңыз! Мектептегі 45 минуттық сабақ пен асыға күтетін қоңырау уақытындағы әр оқиға ертең сіз жыр етіп айтатын тәтті ертегінің кіріспесі. Сіз – өз өміріңіздің жазушысысыз...