- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Шетелдегі Назарбаев Зияткерлік...
Шетелдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері
Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері тек еліміздің жоғары орындарында ғана емес, шетелдік білім ордалардың да шыңын бағындырып жүр. Олардың жеткен әрбір жетістігі мұғалімнің еңбегінің ақталғанымен тең. Біз шетелде білім алып жүрген қазақ жастарымен тілдесіп, олардың мектептен алған білімі өмірлерінде қаншалықты кәдеге асып жатқанын білдік.
Сұрақтар:
1) Менің шетелдегі білім ордам, мамандығым және оны таңдауға себеп болған не?
2) Назарбаев Зияткерлік мектебі мен университеттің айырмашылығы бар ма?
3) Назарбаев Зияткерлік мектебі бұл оқу орнына түсуге қандай мүмкіндіктер ұсынды?
Айнұр Құбашева, Атырау қаласы
1) Менің есімім – Айнұр, Атырау қаласындағы химия биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегімін. Қазіргі сәтте Гонконг Политехникалық университеті бизнес факультетінің студентімін. Бұл университетті НЗМ ұсынған үздік мүмкіндіктің арқасында таңдадым. Одан бөлек, бұл қаланы таңдауыма мынандай белгілер себепкер болды: қыс мезгілінің болмауы, жылы жаз мезгілі, кәсіп саласы қарқынды дамыған аймақ және шығыс пен батыс мәдениетінің үйлесімділігі.
2) Университет пен білім алған мектебімнің арасынан аса айырмашылық байқамадым. Өйткені, менің сабақ кестем бұрынғыша: таңертеңнен кешке дейін оқимын. Сонымен қатар, өзге студенттермен салыстырғанда қазақ студенттері өте тәртіпті екенін байқадым. Ал, негізгі айырмашылық қазіргі сәтте менің болашағыма деген жауапкершіліктің артуында деп ойлаймын. Гонконг мүмкіндіктер қаласы, сонымен қатар, бәсеке де жоғары деңгейде. Өз уақытыңды дұрыс үйлестіре білу, бағытыңды анықтау – мұның барлығы басты дағдыма айналды.
3) Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқымасам, бұл университетке түспес едім. Тіпті, мұндай мүмкіндіктің барын сезбеуші едім. Бұл мектеп менің өз күшіме сенуіме септігін тигізді.
Темірлан Мырзахметов, Қарағанды қаласы
1) Мен KAIST университетінде Materials Science and Engineering мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бұл университет Оңтүстік Кореяда орналасқан. Мұны таңдауыма оның орналасқан аймағы себепші болды. Себебі, Корея – әлемдегі дамыған елдердің бірі, ал университет өзінің зерттеу және академиялық саласы бойынша биіктерді бағындыруымен ерекшеленеді.
2) Университетке қабылданған соң, Назарбаев Зияткерлік мектебінде уақытымның көп болғанын ұқтым. Өйткені, жоғары оқу орнынада берілетін үй жұмыстары өте көп. Кейде артта қалып қойып, қуып жету үшін тер төгуді керек етеді. Ал, мектепте біз мұғалімдермен жақын аралаысып, кез келген уақытта көмек сұрауға мүмкіндігіміз болды.
3) Біріншіден, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде профориентатор маманы жұмыс істейді. Олар оқушының болашақ мамандығына, олардың таңдауына, құжаттары мен құжат аудармасы қызметіне барынша көмек қолын созады. Олар әркез әр түрлі салаларға байланысты ақпаратты оқушыларға бере отырып, олардың дұрыс таңдау жасауына себепші болады. Сонымен қатар, IELTS емтиханына дайындық, бізге ағылшын тілін жетік меңгеруге септігін тигізді. SAT/NUFYPET секілді емтихандарға деген үздіксіз дайындық жұмысы университетке қиындықсыз түсуге мүмкіндік берді.
Менің өзім білім алған мектебіме деген алғысым шексіз. Себебі, мектеп менің тұлға болып қалыптасуыма септігін тигізді.
Мұқашева Айя, Атырау қаласы
1)Бүгінде мен Мәскеу қаласында білім алып жатырмын. Мамандығым – сурдопедагог, құлағы естімейтін балалармен жұмыс жасаймын. Бұл – біздің елімізге керекті мамандықтардың бірі. Сонымен қатар, мен білім алып жатқан университет ең үздік педагогикалық университеттердің көшін бастап тұр. Таңдауыма себепші болған – інімнің жағдайы. Менің бауырым осындай дертке шалдыққан, бірақ, елімізде тәжірибелі маман таба алмай қиналдық. Сондықтан, бұл мамандықты игеремін деген шешімге келдім.
2)Мектеп пен университет арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мектепте баласың, еркелейсің, күлесің, ойнайсың. Ал, университет салмақты болуды, әр ісіңе жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Бұл – үлкен өмір. Өкіншіке орай, еркелігімізді ешкім көтере бермейді.
3) Мен сурдопедагог болуды 11-сыныптан бастап жоспарладым. НЗМ арқылы мұғалімдерімнен сабақ алдым. Олардың оқыту жүйесіне, балалармен қарым-қатынас жасау әдісіне аса назар аудардым. НЗМ арқасында мен шыдамды болуды үйрендім. Сол себептен, қазір таңертеңнен кешке дейін сабақта еркін жүре аламын.
Университет – бала өміріндегі маңызды таңдау. Бұл таңдауда адастырмай, жол сілтегені үшін түлектердің Назарбаев Зияткерлік мектебіне айтар алғысы шексіз.
Т. Есқали