Өзге қалада оқудың артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Он бірінші сыныпты аяқтап, жаңа өмірге аяқ басар шақта, алдыңыздан үлкен мәселелер туындайды. Бірі мамандық таңдау болса, екіншісі – сол мамандыққа сәйкес жоғары оқу орнын таңдау. Сіз қалаған мамандықты терең оқытатын университет өзіңіздің қалаңызда болмай өзге қалаға кетуге мәжбүр болсаңыз, адами қалыптасуыңыз сіз ойлағаннан да тез жүзеге асатынын ескеріңіз. Өзге қалада оқудың қандай пайдасы мен зияны бар?

1. Өз бетіңмен өмір сүруді үйрену

Анаңыз жаныңызда болып, басыңыздан сипап, таңертеңгі сабаққа «Құлыным, тұра ғой» деп оятқаны жақсы, әрине. Дегенмен, өз бетіңмен өмір сүру нағыз үлкен өмірге үйретеді. Өзіңізге үміт артып, өзіңіздің іс-әрекетіңізге есеп беруді бойыңызға сіңіресіз. Қарапайым киім жууға арналған ұнтақтан бастап, кішігірім жұмыстарды атқару сізге жүктеледі.

2. Жаңа мәдениет

Шекарадан асқан бойда, өзге елді-мекендер сіздің тұрғылықты орныңыздан өзгеше екенін байқау қиын емес. Неғұрлым қалаңыздан алыстаған сайын, өзгерістер өлшемі соғұрлым ұлғая түспек. Көрген сайын білмейтініңіз  азайып, өзіңізге қоятын сауалдардың жауабын табасыз. Алған әсеріңіз молайған сайын, естеліктер қатары арта түседі. Жаңа орта қалыптастырып, адамдармен араласуды үйренесіз. Өзге қалада адаспау үшін есте сақтау қабілетіңізді де дамытасыз.

3. Жаңа мамандық түрлері

Өзге қалалар мен елдерге шыға, сіздің аймақта жоқ мамандықтың түрін кездестіресіз. Онымен бірге ойлау көкжиегіңіз ауқымды бола түседі.

4. Саяхат

Әр көшкен сәтіңіз – кішкентай саяхат. Сізді жаңа орта, жаңа сәттер, тіпті жаңа адамдар күтеді. Әр қаланың кез-келген көшесінің өз тарихы бар екенін естен шығармаңыз.

5. Туысқандарыңызға деген махаббат

Үйіңізде жүріп сағыныш деген сезімнің не екенін аңғармайсыз. Ал, алысқа кетіп, сағыныштың қаншалықты маңызды екенін ұғынасыз. Туысқандарыңызбен өткізген әр сәттің бағасын түсінесіз. Оларға деген махаббатыңыз, жанашырлық сезіміңіз ұлғаяды.

6. Байланыстар мен таныстар

Араласатын ортаңыз кеңейеді. Жаңа достар тауып, өзіңіздің ойлау көкжиегіңізді жетілдіресіз. Жаңа көзқарас қалыптасады. Неғұрлым таныстарыңыз көп болған сайын, кез-келген мәселенің шешімін оңай табуға болады.

Ал қандай қиындықтар туындайды?

– Ақшаның жетіспеушілігі

Үнемді қолдана алсаңыз, бұл мәселе туындамауы мүмкін. Дегенмен, өзіңіздің жолыңызға, жүріс-тұрысыңыз бен тамағыңызға одан бөлек қыдыруыңызға ақша таппай қиналатын сәттерді басыңыздан аз кешпейсіз.

– Сізді күтіп тұратын ыстық тамақ болмайды

Иә, тамақты өзіңіз жасап, оған уақытыңызды жоғалтасыз. Мектеп кезіндегідей сізді күліп күтіп алатын ата-анаңыз бен сізге арналып жайылған дастархан болмайды.

– Ерте есею

Өзіңіз шешім қабылдауды өзгелерге қарағанда ерте бойыңызға сіңіресіз. Кейде соның кесірінен балалығыңызды шетке ысырып қоясыз.

– Бөгде орта – бөгде пиғылдар

Неше түрлі адам бар. Сіздің өз ортаңызды бірден табатыныңызға ешкім кепілдік бермейді. Сақ болыңыз.

– Шектен тыс тәуелсіздік

Егер үйде ата-анаңыздың дегенімен жүріп, өзге қалаға келіп еркіндікті сезінсеңіз, тым босаңсып кетпеңіз. Өйткені, тәуелсіз болудың қызығын көремін деп, шыжығымен күресетін уақыттарға тап боласыз. Абайлаңыз.