Нағыз бақытты шақ – балалықпен өткен күндеріміз болар. Жанымызда өзімізді жақсы көретін ата-анамыз бен туысқандарымыз, көрші үйде тұратын достарымыз ғана бар. Осы адамдардың арқасында уайым-қайғы деген мүлдем жоқ. Алайда өтпелі кезеңге тап болған кезде ата-анамыздың біздерді бұрынғыдай түсінбейтіндігін байқаймыз. Осы себепке байланысты олардың орнын қатарлас құрбы-құрдастармен алмастырамыз. Ал осы әрекетіміз дұрыс па? Мұны бірігіп талдайық.
Сіз өсіп келе жатырсыз
Өтпелі кезеңде ортақ емес, енді тек бізге ғана тиесілі шешімі жоқ мәселелер туа бастайды. Қызығушылығымыз артып, бұрын-соңды жасап көрмеген дүниелерді жасауға ұмтыламыз. Өсіп келе жатқан жеткіншек үшін жеке қызығушылықтың артуы, өмірдегі жаңалықтарды ата-анаға емес достармен бөлісу сынды өзгерістер - қалыпты құбылыс. Алайда қаншалықты өзгеріп, ата-анамызбен ара-қатынасымыз суып кетсе де, олардың бізді бәрінен де қатты жақсы көретіндіктерін ұмытпауымыз керек.
Үлкендер де бала болған
Өздері де айтып отыратындай «ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ», оларда бір кездері бала болды. Бала болып шала қылықтар жасады. Анамыз да өсе келе бой түзеп, әкеміз есейген сайын ақылды болды. Және үлкейе келе олардың өмірге деген көзқарасы өзгеріп, түймедейді түйедей етуден аулақ болды. Болмашы кикілжіңдерді «өмірдің соңы» деп түсінбей, ендігі оларды шындап шешуге кірісті. Бала-шағасын асырау үшін маңдай терін төгіп жұмыс істеді. Біздерге уақыт бөлмей кетуінің себебі де осында.
Ата-аналарыңызға шешілмеген қиындықтарды айтып отырыңыз
Олар міндетті түрде көмектеседі. Әрине, бір қарағанда ата-анамыздың берген кеңестері ескіліктің қалдығы немесе бүгінгі өмірде қолдануға келмейтіндей болып көрінуі мүмкін. Алайда олардың кеңесіне құлақ асқан соң, артынша міндетті түрде алғыс айтатынымыз анық. Ешбір ата-ана туған баласына жамандық ойламайды. Олардың айтқан кеңестеріне бірден қарсы шығудың да қажеті жоқ. Келіскіміз келмесе, өзіміз білеміз. Өйткені бұл біздің өміріміз. Тек ата-анамыз өмірді көп көргендіктен, әрбір әрекеттің салдарын біліп тұратындығын біле жүруіміз керек.
Ата-анамызға қарсы әрекет жасауға болмайды
Өмірде мінсіз ата-ана жоқ. Олардың балаларына бөлуге шын мәнінде уақыты жете бермейді. Өздері де ойдағыдай үлгі бола алмайды. Ал өтпелі кезеңде ұл балаларға қарағанда, қыз балалар сезімтал болып келеді. Бізге көңіл бөліп үлгермей жатса, оларға қарсы әрекет қолданудың қажеті жоқ. Мысалы, кейбіреулер ішімдік ішіп, шылым шегіп, жаман ортаға қосылып, үйге кеш келе бастайды. Сөйлеу мәнері де өзгеріп, былапыт сөздерді көп пайдаланады. Психолог мамандардың айтуынша, мұның барлығы ата-ананың назарын өзіне аударту үшін жасалатын әрекеттер ғана. Бұл әрекетіміз арқылы жүрегімізге жақын адамдарымызға да, өзімізге де жамандық жасаймыз. Отбасы тарапынан қамқорлық болмаған жағдайда, шын жанашыр достар табуымызға болады. Ол достар біздің шынайы қалпымызды қабылдай білуі тиіс.
Ал сіздің өтпелі кезеңде ата-анаңызбен қарым-қатынасыңыз қандай болды?
Сурет: rylik.ru, rdita.kloop.kg