- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Не үшін бас...
Не үшін бас ауырады?
Мектеп кезіндегі күрделі кезең – жоғарғы сынып. Шын мәнінде мемлекеттік емтихан, ҰБТ, одан бөлек жоғарғы сынып өтпелі кезеңнің жас ерекшеліктерімен сәйкес келеді. Өтпелі кезеңде сабақтан өзге де нәрселермен бас қатырып жатамыз. Осындай жағдайлардың көпшілігі бас ауруына әкеліп соғады екен. Дәрігерлердің айтуы бойынша бас ауруы бойынша тіркелетіндердің көп бөлігі – 15-20 жас аралығындағы мектеп оқушылары. Оған себеп, қағазбастылық, компьютер алдында көп отыру, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, т.б.
Бас ауруы 45 түрлі аурудың белгісі ретінде көрініс табады. Сондықтан оны басу үшін себебін анықтау қажет. Сол 45 аурудың бірнешеуіне тоқталайық.
1. Жақпайтын тамақ жесе де бас ауыруы мүмкін. Емі: асқазанды тазару.
2. Көзілдіріктің сәйкес келмеуінен де бас ауырады. Емі: көз дәрігеріне қаралып, көзілдірікті ауыстыру керек.
3. Қан аздықтан да бас ауруы туындайды. Белгілері: бас ауырады, көздің қарашығы ұлғайып, маңдай мұздап, тамырдың соғуы әлсірейді. Емі: басыңызды орамалмен қатты таңып, тегіс жерде шалқаңыздан жатып бір сәт демалыңыз. Кейін кофе немесе шай ішіңіз.
4. Ой еңбегімен айналысатын адамдар күніне бір мезгіл таза ауада серуендеуді ұмытып, күні-түні қағаздан бас алмаған кездері басы ауырады. Емі:
а) легенге ыстық су құйып, 10-15 минут аяқты тілерсекке дейін малып отырыңыз;
ә) бір шай қасық жалбыз шөбін 1 кесе қайнаған суға тұндырып ішіңіз, кейін демалыңыз;
б) ой еңбегінен шаршап жүрген адамдардың балық жегені абзал.
5. Бас ауруына бас сақинасы, желке және жүйке невралгиясы да себепші болады. Бұл аурулар негізінен жүйкенің жұқаруынан, әлсіздіктен туындайды. Белгісі: басы ауырады, ашушаң болады, яғни сіркесі су көтермейді. Емі:
а) мазасыз ойлардан арылып, жақсылап тынығу керек;
ә) шай ішу қажет;
б) жұмыртқаны шикілей кесеге жарып, үстіне қайнаған су құйып әбден араластырыңыз, осындай қоспаны күнде аз-аздан ішсеңіз, жүйке ауруынан құтыласыз.
6. Жүйкенің жұқаруы (неврастения, невроз) – бұл ауру мұғалімдерде жиі кездеседі, яғни мұны устаздардың кәсіби ауруы десе де болады. Емі:
а) күнде 1 ас қасықтан бал жеу керек;
ә) киікоты, қалақай т.б. дәрілік өсімдіктермен емделу керек;
б) маңдайға жұқалап кесілген шикі картопты таңып қойыңыз;
в) таңертеңгілік аш қарынға айран ішкен - бас аурудың мың да бір емі;
г) басыңыз ауырған кезде қос қолыңызды шынтақпен қоса ыстық суға малып отырсаңыз, басыңыздың ауырғаны қояды. Ыдыстағы су салқындап бара жатса, ыстық сумен араластырып, температурасын бір қалыпта ұстаңыз.
7. Қан таспасы (гипертония), атеросклероз ауруына шалдыққанда кардиолог, терапевт дәрігерлерге, инсультқа шалдыққанда невропатолог дәрігерге, ал миыңызда қатерлі ісік не бітеу жара бары анықталса, нейрохирург дәрігерге қаралып, тексеріліп арнайы ем алған жөн. Кекшиме, яғни мең-зең еткен менингит ауруына шалдыққан жағдайда инфекционист дәрігерге барып, ем алған дұрыс.
Осы секілді жағдайларды ескере отырып, жас кезімізде денсаулығымызды күтіп жүрейік. Мектептен кейін де нағыз өмірдің басталатынын ұмытпайық!
Ә. Жутаева