- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі...
Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі қазақ тілі
Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі қазақ тілі пәнінің оқытылу формасы жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда өзгеше. Оның қандай ерекшеліктері бар? Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нұргүл Қойшыбаева толық ақпарат берген еді.
– Ең алдымен, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқытудағы ерекшелік атап өтсеңіз...
– Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ тілін оқыту төрт тілдік дағдыларға негізделеді: айтылым, тыңдалым, жазылым және оқылым. Бұл мақсаттардың барлығы бір-бірімен тікелей байланысты және сабақ үрдісінде олар бірлесе жүзеге асады. Тілдік дағдылардың ішіндегі ең күрделісі – жазылым. Қазақ тілінде «оқу үдемелілігі» деген термин бар. Бұл үрдіс негізінде оқушы үш кезеңнен өтеді. Бірінші – ақпаратты оқу, тыңдау. Кейін идеяларды оқушылар жазады немесе айтады. Түрлі проблемалық сұрақтарды көтеріп, оларға жауап іздейді. Ойларын бөлісіп, өзара талқылайды. Соңғы кезең – жазу. Бұл кезеңде түрлі жазылым формаларындағы тапсырмалар беріледі. Олар эссе болуы мүмкін, мақала немесе баяндама болады. Әр сыныпқа өткен сайын тілдік мақсаттар да сәйкесінше күрделенеді.
– Пән негізінде жаңа бағалау жүйесіне сәйкес орын алған өзгерістер реті қандай?
– Критериалды бағалау жүйесі жалпы білім беретін мектептердегі бес баллдық бағалау жүйесінен ерекшеленеді. Оның өзі қалыптастырушы бағалау, жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау түрінде жүзеге асады. Жоғары сыныптарға мемлекеттік емтихан негізінде сыртқы жиынтық бағалау жүйесі бойынша баға қойылады.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті сабақ кезінде іске асады. Бұл уақытта оқушыға баға қойылмайды. Ол оқушымен керіс байланыс орнату арқылы орындалады. Соның ішінде, сындарлы кері байланыс – өте тиімді. Өйткені, ол кезде оқушылар өзара немесе мұғалім мен оқушы арасында жетіспеген тұсты толықтыратын сын айтылу арқылы бағаланады.
– Оқушылармен жұмыс жасау барысында туындайтын қиындықтар және одан шығудың қандай жолдарын ұсынасыз?
– Ең үлкен қиындық мұғалімнің сабақ барысында бағалауды ұйымдастыруы кезінде туындайды. Өйткені, критералды бағалау жүйесін кей мұғалімдер бірден игере алмайды. Бұл асқан шеберлікті қажет етеді. Өйткені, сіздің сыныбыңызда 24-25 оқушы болса, сізге берілген 40 минуттың ішінде оқушылардың басым бөлігімен кері байланыс орнатып, олардың пікірін білу керек. Одан шығу жолы мұғалімнің таңдаған әдіс-тәсілімен тікелей байланысты.
Сонымен қатар, тағы бір қиындық – үнемі белсенді оқушылардың ортаға тартылуы да, жиі сабаққа қатыса бермейтін оқушылардың назардан тыс қалуы. Бұл қиындықты да тек тәжірибе барысында жеңуге болады.
– Орыс сыныбының оқушыларының бойындағы қазақ тілге деген қызығушылықты ояту үшін не істеу керек?
– Ең алдымен, орыс сыныбындағы оқушылар, қазақ тілі пәнінің мұғалімін тек мұғалім ретінде қабылдамай,оны қазақ тілінің символы ретінде көруі тиіс. Яғни, бала мұғалімді жақсы көріп, оның іс-әрекетіне, әдістеріне және біліктілігіне бас ие білуі керек. Егер оқушы мұғалімді мойындап, өзара түсіністік қалыптасса, бұл бала кейін қазақ тіліне деген қызығушылығы қалай оянғанын аңғармай қалады.
Оқушының ниеті де маңызды. Дегенмен, мұғалімнің рөлі басымырақ. Мұғалімнің тарапынан оның тілдік кедергідегі кемшіліктерді бетіне баспай, керісінше қолдау көрсету керек. Сол кезде ғана, оқушы ойын еркін жеткізетін болады.
Мұғалім – мектептің анасы. Ал, үйдің түтіні сөнбеу үшін ананың тәрбиесі мен рөлі ерекше. Баланың қызығушылығын ояту да, оларға бағыт-бағдар беру үшін де мұғалімнің тәжірибесі мен әдісі маңызды болмақ. Қазақ тіліне деген қызығушылық жыл санап артып келеді.
Т. Есқали