Мемлекеттік білім гранттарының қорытындысы жариялана салып, оның төңірегінде үлкен дау шықты. Астанада халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары бюджет есебінен оқитындардың тізіміне ілінбей қалған, - деп жазады ktk.kz.
Олардың қатарында Грузияда өткен математика пәні бойынша халықаралық сайысқа қатысып, елге жүлдемен оралған Жұлдыз Оспан мен Арай Нұржанова бар. Бұл түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге де қатыспаған. Қолдарына бірден «125 балл» деген сертификат беріліпті. Яғни олар ешқандай байқаусыз мемлекеттік білім грантына ие болуы керек еді. Ашынған ата-аналар берген уәдесінде тұрмаған Білім министрлігінен кеткен қателікті дереу түзеуін талап етіп, Аслан Сәрінжіповке хат жолдады.
Жұлдыз Оспанның әкесі Қайсар Оспанов: "Газеттен гранттың результатын қарадық. Менің қызым 11 жыл бойы мектепті тек 5-ке ғана оқыды. Білім және ғылым министрлігінің мұндай жүйесі дұрыс жасамаса, мектепте жақсы оқыған балалр мемлекеттің беріп отырған грантымен оқуға түсе алмаса, мұндай жүйе кімге қажет?", - дейді.
Жұлдыз Оспан математика пәні бойынша халықаралық сайыстың жүлдегері болғандықтан экономика, қаржы мамандықтарын таңдаған. Құжаттарын Астанадағы екі ұлттық университке тапсырған екен. Жұлдыздың ата-анасы оны ақылы оқытуға шамамыз жетеді дейді. Тек бұл хабар 11 жыл үздік оқыған қызымызға ауыр тиетін болды деп алаңдап отыр.
Астанадағы білім гранты төңірегіндегі дау мұнымен шектелмейді. Оңтүстік Кореяда ғылыми жоба қорғағаны үшін 100 баллдық сертификат алған Арай да «мемлекет есебінен тегін оқуға түсе алмадым» деп редакциямызға жылап келді.
"Білім грантына ие болғандардың тізімде жоқ екенімді көріп, таңқалдым. Еуразиялық университетке тапсырған бір түлек 89 баллмен грантқа өткен, ал мен 100 балмен қабылданған жоқпын. Бүгін Білім министрлігінің жанындағы байқауға жауапты комиссияға бардық, мардымды жауап ала алмадым", - дейді Арай Нұржанова.
Айта кетелік, биыл бюджеттің есебінен 32 мыңнан астам адам тегін оқи алады. Ал, грантының басым бөлігі, яғни 78 пайызы қазақ тілді түлектерге бұйырмақ. 32 мың гранттың 12 мыңы техникалық, 6 мыңы педагогикалық, 2 жарым мыңы ауыл шаруашылығы мамандықтарына арналған. Бұл гранттар еліміздегі 60 университетке тиесілі.