- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Мектептегі күйзелістен қалай...
Мектептегі күйзелістен қалай арылуға болады?
Мектепте оқып жүрген кезімізде бір рет болсын өзімізді жайсыз жағдайға қалдырған ситуацияларды басымыздан кешіргеніміз анық. Оның себебі баға, сыныптастармен ренжісу, ұстазбен түсінісе алмау болса да, бізді күйзеліске шалдықтырғаны анық. Күйзелістен арылғыңыз келсе, басыңыздан өткен оқиғаларға күле біліңіз.
1. Күйзелісіңіздің себебін анықтаңыз. Оқушылар көп жағдайда нашар баға алған кезде, сыныптастары кемсітіп, мазақтағанда осындай күйге түседі.
2. Егер мәселе үй тапсырмасында болса, ұнатпайтын пәніңізден бастаңыз. Әдетте жақсы көрмейтін пәнімізді оқуға көп уақыт кетеді.
3. Кейінге қалдырмаңыз. Жақында тоқсандық қорытынды шығатын болса, күнделікті дайындалыңыз. Бір күн қалғанда шала дайындалғанша, материалды шетінен игерген дұрыс. Әйтпесе, көп күш жұмсауыңызға тура келеді.
4. Ал бір ғана үштік немесе екілік баға үшін уайымдап жүрген болсаңыз, оны түзету мүмкіндігіңіз бар екенін еске алыңыз. Бір ақымақтық жасасаңыз, ісіңізге күле қараңыз. Келесіде мұндай қателікті жібермеңіз. Жинақтаған тәжірибеңізден сабақ алып отырыңыз.
5. Мектеп деген сөздің өзі күйзеліке түсіруі мүмкін. Мектептегі жұмыстарыңыздың, сыныптастарыңызбен қарым-қатынасыңыздың дұрыс болғанын қаласаңыз, басымдылықтарыңызды анықтап алыңыз. Ең маңызды деген мәселелерді бірінші шешіп, артынша өзіңізге бос уақыт қалдырасыз.
6. Пайдалы тағамдар жеңіз. Дұрыс тамақтану арқылы тәніңіздің де, жаныңыздың да саулығын қамтамасыз етесіз.
7. Түн ұйқыңыз бөлінбесін. Дұрыс ұйқы көңіл күйіңізді көтеріп, жинақталуға мүмкіндік береді.
8. Күліңіз. Әдетте болмашы дүниелерге бола уайымдай береміз. Алайда мұның барлығы тек кері әсерін тигізеді. Сол себепті қандай жағдай болмасын, күле біліңіз.
9. Позитивті болыңыз. Үнемі қиындықтарыңыз туралы ойлай беретін болсаңыз, күйзеліске тап боласыз.
Егер мектепте қатты қиналып кетсеңіз, бірнеше күн сабаққа бармаңыз.
Есіңізде болсын!
Бақылаудан немесе диктант жұмысынан нашар баға алған болсаңыз, өзіңізді жегідей жей бермеңіз. Бар болғаны, сол уақытты жақсылап дайындалуға арнаңыз. Қателеріңізге баға беріп, ары қарай өмір сүруді жалғастырыңыз.
Егер белгілі бір пәнге қатысты қиналсаңыз, ұстаздан көмек сұраңыз. Ұстаздар сізге тырнақ астынан кір іздегендей болып көрінсе де, олар шәкірттеріне сапалы білім беруді ғана мақсат тұтады.
Күйзелістің барлығы зиян емес. Кейбір күйзеліс сізді жаңа істерге бағыттайтындықтан, олардың пайдасы мол болады.
Ал сіздің мектеп қабырғасында күйзеліске түскен кезіңіз болды ма? Болса, не себепті?
Қ. Бүйенбай