Мектептегі құрбыларымыз қандай?

Мектептегі құрбыларымыз қандай?

Өтпелі кезеңде қыз балалар бір-бірімен жаңалықтарымен, өмірінде болып жатқан өзгерістерімен, алғашқы жүрген жігіті туралы әңгімелерімен және киіну, боянуға қатысты кеңестерімен бөліседі. Осының салдарынан ата-аналары екінші орынға ысырылып, құрбы қыздар күндерін бірге өткізеді. Осылайша қыдырып та, қиындықтарын айтып та үлгереді. Олай болса, өтпелі кезеңдегі қыздардың достығы туралы толығырақ талдап көрейік.

Құрбылар арасындағы қарым-қатынас


Өмірлерінде жігіт пайда болуымен құрбылардың арасындағы қарым-қатынас өзгеруі мүмкін. Арада талас пен көреалмаушылық орнайды. Осы кезде достығымызды шын қадірлейтін құрбыларымыз болса жақсы.

Айтпақшы, біреуге қызғанышпен қарау арқылы, өзімізге зиян келтіреміз. Осы әрекетімізбен қарсыласымыздың бізден мықты екенін мойындаймыз. Әр адам қайталанбас тұлға екенін ұмытпайық.

Құрбыларымыз берген кеңестерге мұқият қарайық


Әсіресе, жігіт мәселесіне байланысты айтылатын кеңестерге назар аударайық. Бізге қызғанышпен қарайтын құрбыларымыз кері зиянын тигізетін кеңестер беруі мүмкін. Сол себепті бұл тақырыпта анамызбен немесе әпкемізбен сөйлескеніміз жөн. Әрине, жігіт туралы сөз қозғау қазақ отбасылары үшін жат құбылыс. Алайда, бізге тиер пайдасы мол. Ана мен әпкелеріміздің бізге қарағанда тәжірибесі бар және ақылды жандар.

Сонда да басқаша ойланып көруімізге болады

Кемшіліксіз адам болмайды. Құрбымыздың бізден артықшылығы болса да, дәл бізге жетпейтін кемшілігі бар. Бастысы - өзіміздің әдемілігімізді көрсете білу. Айжанның бойы ұзын болса, біздің көзіміз ботадай мөлдір болуы мүмкін. Томирис сымбатты болып келсе, біз ақылды болуымыз мүмкін. Сол себепті қызғанышпен өз уақытымызды жоғалтып алмауымыз керек. Әрдайым ерекше болуға тырысып, киім кию мәдениетімізде біреудің көшірмесін жасамауға тырысуымыз керек.

Өсек сөздер жайында


Біреулер біз туралы өсек сөз айтса, мән бермегеніміз жөн. Әдетте, өмірі қызықты өтіп жатқан адамдарды ғана өсектейді. Ал шын құрбылар біздің артымыздан көңілімізге тиетін сөз айтпайды. Кемшіліктеріміз болса, ешкім жоқ жерде бетімізге айтады. Сондықтан да біз жайында өсек айтатын құрбылардан аулақ жүргеніміз жөн.

Өзіңізге лайық орта таңдаңыз

Құрбыларымыз бізді жаман әдеттерімен жаулаудың орнына биіктерге жетелеуі тиіс. Ал жаман әдеттермен жаулау әрекеттерін байқасақ, бірден бас тартуымыз керек. Әдеттегідей ақша мен киімге келіп тірелетіндей емес, ең  алдымен бізге жайлылық сезімін ұялататын жандар болғаны игі.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай