Мұғалім - қазіргі кезде мамандығы бойынша бірден-бір жұмыс таба алатын мамандық иесі. Елді мекендердегі білім деңгейін көтеру үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр. Сондықтан егер мұғалім болуға көңіліңіз ауып жүрсе, ұстаздар дайындайтын педагогикалық оқу орнына бара аласыз. Тек мамандығыңыз бен балаларды жақсы көруіңіз қажет. Жүйке жүйеңіздің де мықты болғаны жөн.
Педагогика саласы бірнеше бағытқа бөлінеді.
1. Пән мұғалімдері. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы және жаратылыстану-математикалық бағыттағы тәлім-тәрбие беретін ұстаздар. Мұғалім қай кезде де халық ағартушысы болған. Күнде бір жаңалық еніп жатқан заманның балаларын оқыту үшін теориялық терең біліммен қатар, әдістемелік білігі өте жоғары деңгейде болуы және оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін де жақсы білуі тиіс. ҰБТ оқушы үшін де, пән мұғалімі үшін де үлкен сынаққа айналды. Мектепті жақсы жетістікпен бітіру үшін оқушы да, мұғалім де көп еңбектенетін болды.
Қазіргі мұғалімдерге қойылып жатқан енді бір талап: оқушыларды өз бетімен білім алуға бейімдеу.
2. Мектепке дейінгі педагогика. Балабақша, шағын орталықтарда бүлдіршіндердің сауатын ашып, мектепке дайындайды. Сонымен қатар, музыка, басқа да қосымша сабақтарды, дамыту ойындарын, түрлі мерекелік шараларды өткізеді. Аталған кәсіп иелері мекемелерде ғана емес, ата-аналардың өтінішімен отбасында да балаларды мектепке әзірлейді.
3. Логопед. Тілі дұрыс шықпаған, анық сөйлей алмайтын және мүмкіндігі шектеулі балалармен ерінбей-жалықпай жұмыс істейтін маман. Әртүрлі жаңылтпаштарды, мәтіндерді оқытып, баланың сөйлеуін қалыпқа келтіреді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайына түсінікпен, жанашырлықпен қарап, оларды қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімдейді.
Үлкен төзіммен, кәсіби тұрғыда балалармен жұмыс істей білсеңіз, еңбегіңіз далаға кетпейтіні хақ.
Сурет: syrboyi.kz
Оқи отырыңыз:
Мамандықтың бәрі жақсы: Дәрігер
Мамандықтың бәрі жақсы: Менеджер
Мамандықтың бәрі жақсы: Журналист
Мамандықтың бәрі жақсы: Косметолог – сұлулық шебері
Мамандықтың бәрі жақсы: Аудармашы