- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Мамандықтың бәрі жақсы:...
Мамандықтың бәрі жақсы: Маркетолог
Маркетолог - тауарға деген сұраныс пен ұсынысты зерттеп, мұнымен қатар бизнестің табыстылығын арттыру мақсатында арнайы шаралар ұйымдастыратын маман.
«Маркетолог» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «нарықты зерттеуші» деген мағынаны білдіреді. Кез келген фирма иесіне өзі өндіріп жатқан тауардың қаншалықты өтімді, бәсекелестерінің қаншалықты мықты екенін, өндірген тауарын қаншаға бағалауға болатынын айтатын маман қажет.
Аталған саланың мамандары негізінен тауарды алушыларды іздеп, оны қай жерде сатуға болатынын анықтайды. Мұнымен қатар, тауардың өтімділігі мен қажеттілігін қалай арттыруға болатынын зерттейді.
Г.Форд «Оны сатып алушылардың азайып кеткенін айтпағанда бұл көлікті толықтай мінсіз деп айта аламын». Тауардың өтпеуінің түрлі себебі бар. Бірде сапасы төмен болса, енді бірде сыртқы көрінісі ұсқынсыз болуы мүмкін. Мысалы, «Жигули» сөзі еуропа тілдерінде дөрекі сөздердің қатарында болғандықтан, «Лада» деп өзгертілген болатын. Өндіруші тауарын өткізу үшін жарнама жасап, сыртқы көрінісін өзгертіп, бағасын арзандату сынды түрлі амалды іздеуі тиіс. Кей жағдайда мүлде басқа тауар өндіре бастайды. Маркетолог өз кезегінде осының барлығын зерттеп, лайық ұсыныстар айтады. Маман сапалы әрі жауапкершілігі мол болса, кез келген бизнесті алып шығады.
Жеке қасиеттері: ой еңбегі, ақыл, білімділік, нақтылық, ұқыптылық, шыдамдылық қажет. Мұнымен қатар, ескі заттарды жаңа қырынан көре білгені жөн.
Білімі: экономика немесе әлеуметтану саласында жоғарғы білімі бар мамандар жұмысқа орналаса алады. Қазіргі таңда ЖОО-лар маркетология саласын жеке оқытады. Маркетологтар экономика мен тарих, әлеуметтану мен психология, этика, статистика негіздерін білуі тиіс. Көп жағдайда ағылшын тілін білудің пайдасы зор.
Жұмыс орны мен мансап: бүгінгі таңда маркетологтар өзінің өнімін өткізуді жөн көретін кез келген фирмаға қажет. Фирмаларда, холдингтерде, банктерде арнайы бөлімдері бар. Мұнымен қатар, маркетологиялық зерттеулер жүргізетін кез келген компанияларға қажет.
Туыстас мамандықтар: жарнамалаушы агент, сатылым саласының менеджері, туризм саласының менеджері, қызметкерлер менеджері.
Қ. Бүйенбай