Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған деп менсінбейді. Бұл - сұранысқа ие мамандықтың бірі.
Ауылдық жердегі мал шаруашылығын былай қойғанда, қалада ит, мысық, алақоржын тышқан, тотықұс, т.б. өсіретіндер мал дәрігерлік емхананың табалдырығын тоздырады.
Мал дәрігерлікті тәмамдағандар мал дәрігерлік дәріханада, зертханада, емханада, мал шаруашылығында, кеденде, аң өсіретін фермада, хайуанаттар бағында және азық-түлік базарларында жұмыс істейді.
Қаладағы кейбір мал дәрігерлік емханалардың жанында жануарларға арналған қонақ үй бар. Ұзақ уақыт демалысқа басқа жаққа кететіндер үйіндегі жануарларын осындай қонақ үйлерге еш алаңсыз қалдырып кете алады.
Мал дәрігерлері жан-жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, осы өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады. Дегенмен ойланыңыз, жан-жануарларға қамқорлық жасау сізге ұнайтын болса ғана бұл мамандықты таңдай аласыз. Себебі, жақсы теориялық біліммен қаруланған өз алдына, аяғынан тік тұрып қызмет қылу үшін ұзақ жүріс-тұрысқа шыдамды болып, әрбір жануардың өзіне тән исіне төзу екінің бірінің қолынан келмейді.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсету жайлы сөз болып жатыр. Себебі, мал ауырса ауыл шаруашылығына шаш-етектен шығынға батып қана қоймайды, адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді.
Сурет: maryerit.blogspot.com
Оқи отырыңыз:
Мамандықтың бәрі жақсы: Дизайнер
Мамандықтың бәрі жақсы: Туризм ісі
Мамандықты қалай таңдау керек?
Болашақ мамандығымызды бірге таңдайық