- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Мамандық таңдаудың бізге...
Мамандық таңдаудың бізге беймәлім сырлары
«Ана көрген – тон пішер, ата көрген – оқ жонар» деген мақал ежелден айтылып келе жатыр. Мұның үлкен психологиялық астары бар.
Психологтардың пікірінше мамандық таңдаудың да бір сыры бар екен. Ол – балалардың ата-анасының кәсібін таңдауы, яғни, мамандықтың отбасылық жолын жалғауы.
1-жағдай. Үш жастан бастап, қыз бала анасының туфлиін киіп, ұл да әкесінің бас киімін өлшеп, тезірек ержеткісі келіп, «мен өзім» дегенді шығарады. Ата-анасының тезірек орнын басқысы келеді. Алты жастан өткенде олардың ата-анасымен идентификация жасауы (сәйкестенуі) аяқталып, олардың отбасындағы рөлдерін түсіне бастайды. Өкінішке орай, идентификация үдерісі барлық жағдайда сәтті аяқтала бермейді. Осы жайт жасөспірімдік «өтпелі кезеңде» қатты білінеді, олар ата-анаға қарсы тұрады. Бұл кезеңде ата-аналар сабырлық танытып, психологтармен, мұғалімдермен бірігіп жұмыс істеп, балаларының қиын кезеңнен сүрінбей шығуына көмектескендері абзал. Әйтпесе ересектерге «өкпесі қара қазандай» жастар оларға ерегесіп, қыр көрсету үшін теріс жолға түседі. Барлық қилы кезеңнен ата-анасымен бірлесіп сәтті шыққан жастар дұрыс мақсат қойып, соған жетуді көздейді.
Әлбетте бұл балалардың міндетті түрде ата-анасының кәсібін таңдауы тиіс деген сөз емес. Керісінше, бала өз жолының қандай екенін түсінеді.
2-жағдай. Көптеген балалар мектеп бітіргесін ересектермен идентификация жасау үшін бейсаналы түрде солардың кәсібін таңдап жатады. Мысалы, кейбір менмен ата-ана баласына тек ақша беруімен ғана шектеліп, осымен парызымды орындадым деп ойлайды. Мұндай жағдайда бала ата-анасына бір табан жақын болуы үшін ғана олардың мамандығын таңдауы ықтимал. Сөйтіп рухани жағынан кезінде жақындаса алмаса да, кейінгі мүмкіндік оларды жақындастыруға себепші болады. Кейбіреулері жүре-бара идентификация мәселесін шешкеннен кейін, мүлде басқа салаға кетіп қалуы да ықтимал.
3-жағдай. Кішкентайынан ата-анасының бауырынан екі елі ажырамай өскендер (негізінен, меланхоликтер), мамандықты да ересектердің нұсқауымен таңдайтын жандар не үшін, кім үшін өмір сүріп жүргенін түсінбей өтуі мүмкін.
Ата-ананың жолын қуасыз ба, әлде басқа өз жолыңызды таңдайсыз ба, ойланып, толғанып, өзіңіз шешіңіз.
Сурет: abali.ru
Оқи отырыңыз:
Мамандықты қалай таңдау керек?
Болашақ мамандығымызды бірге таңдайық
Мамандықты нумерология заңына сәйкес таңдау #2
Ф. Абилова