- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Қазақстандық оқушы Португалияда...
Қазақстандық оқушы Португалияда өткен Халықаралық олимпиадада үшінші орынды иеленді
Португалия астанасы Лиссабонда оқушылар арасында физика пәнінен 49-Халықаралық олимпиада өтті. Бәсекеге барлығы 90 елдің оқушылары қатысып, өзара бақ сынасады. Қазақстанның намысын қорғап барған 5 оқушының арасында павлодарлық Дияр Төленов үшінші орынды иеленді.
Түрлі халықаралық додаларда қоржынға олжа салып жүрген дарынды оқушылар Лиссабонда 7 күн болды. Жарыс барысында қатысушыларға физика пәнінен теория бойынша үш және тәжірибелік қосымша тағы бір тапсырма берген. Қорытынды кезеңде әр оқушының көрсеткіші жеке-жеке бағаланып, жинаған ұпайларға байланысты жүлделер табысталды.
Павлодар қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқитын Дияр Төленов осыған дейін де түрлі Республикалық, Халықаралық жарыстарға қатысқан. Ол 5-6 сыныптан бастап математика пәні бойынша өтетін білім бәсекелеріне белсенді түрде қатынасады. 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысып, жаңа оқу орнындағы жетекшісі Назымгүл Кәрімованың нұсқауымен ол енді физика пәні бойынша жарыстарға қатыса бастаған. Соның нәтижесінде, ол 7-10 сынып аралығында физика пәні бойынша өткен түрлі олимпиадалардың жүлдегері атанды.
2016 жылы Республикалық олимпиадада жеңімпаз атанса, сол жылы Индонезияның Бали аралында 16 жасқа дейінгі оқушылар арасында өткен бәсекеде үшінші орынға ие болған. Сонымен қатар, 2017 жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында бірінші орынға ие болған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстан-Британ техникалық университеті Диярға оқу грантын ұсынып, жоғарғы оқу орнының студенті болуға лайықты деген сертификаттармен марапаттаған. Еске сала кетейік, Дияр Төленов жуырда ғана Якутияда өткен «Туймаада» олимпиадасында қола жүлденің иегері атанған еді.
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінде хабарланған мәліметтер бойынша, Дияр болашақта физика саласының білгір ғалымы болғысы келеді екен.
А. Қажиев