Кітапханашылар қызметіне көңіліңіз тола ма?
Кез келген кітапханада студенттерге барлық жағдай жасалынады. Оқу залдары тыныш әрі жылы. Керек кітабыңызды дер кезінде қолыңызға түсіріп оқи аласыз.Қазақстандағы студенттерге арналған ең үлкен кітапхана болып саналатын ҚазҰУ кітапханасының оқу залындағы оқырмандар орындарының саны-1192. Кітапхана жыл сайын 900 мыңнан аса келушілерді тіркейді. Кітапханашылар кітапхананың бай ақпараттық қорын оқырмандарға түгел жеткізуге тырысады. Осы мақсатта көрмелер ұйымдастырып, әдебиеттермен таныстыру өткізеді, ай сайын “Кітап әлеміндегі жаңалықтар” деп аталатын бюлеттень шығарады. 1998 жылы кітапханада Интернет-зал ашылып, студенттер ғаламдық ақпараттық жүйеге кіруге мүмкіндік алды. Еуразия қорының қолдауымен екінші Интернет-зал ашылды. Бір жылда 35 мың адам кіре алады. Осы залда мәтіндерді сканерден өткізуге, басып шығарып алуға болады. Кітапхананың оқырмандар саны 20 мыңнан асады, әрине бұл тек студенттер емес, сондай-ақ оқытушы-профессорлар, ғылыми қызметкерлер мен университеттің басқа да қызметкерлері. Кітапханашылар қызметіне көпшіліктің көңілі толып отыр.
Қазақстандағы ең көне және ең ірі кітапхана атануына не себеп?
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Ғылыми кітапханасы 1934 жылы университет ашылысымен жұмыс істей бастады. Сол себепті ең көне кітапханалар қатарында. Университетіміздің Ғылыми кітапханасы республикамыздағы ең ірі кітап қоры бар білім ордасы. Ғылыми кітапхана кітапханалық-библиографиялық процестерді автоматтандыру деңгейі бойынша алдыңғы қатарда. Кітапхана 1998 жылдан бастап Кітапханалар ассоциациясының, Қазақстан кітапханаларының ақпараттық концорциумының мүшесі. Ғылыми кітапхана XXI ғасыр сұраныстарына жауап береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы – бүгінгі таңда Қазақстандағы ең көне әрі Қазақстан Республикасы бойынша ең ірі жоғары оқу орындары кітапханаларының бірі. ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы өзінің электрондық каталогын Интернетте жариялаған алғашқы кітапханалардың бірі ретінде Қазақстан веб-сайттарының тарихына енді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы бүгінгі күні Қазақстанда ғана емес Орталық Азиядағы ең озық үлгідегі кітапханалардың бірі.