«Қазақстандағы әрбір үшінші «Алтын белгі» иегері — Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің түлегі. Бұл өте қуанышты жағдай. Мұның барлығы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана әрі салмақты саясатының жемісі», - деді Білім күні мерекесінде ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов. Өзге облыс әкімшіліктері де өз түлектерінің қандай нәтиже көрсеткенін сайтымыздың редакциясына жіберіп, қалың көпшілікпен бөліссе, нұр үстіне нұр болар еді.
ОҚО басшысы: «облыста 18 112 оқушы ҰБТ тапсырып, олардың орташа көрсеткіші 78,8 баллды құрады. Оған қоса әрбір үшінші «Алтын белгі» иегері біздің мектептердің түлегі», - деп, мақтанышпен айтты.
Сондай-ақ, оңтүстік қазақстандық оқушылар 2015 жылы алғаш рет республикалық пән олимпиадасының қорытындысына сәйкес, 2 бағыт бойынша жүлделі үшінші орынды иеленгені де белгілі болды.
Облыс басшысы өз сөзінде биылғы жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырғанына тоқталды. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздегі ең жоғары туу көрсеткіші де біздің облыста тіркеліп отыр. Тұрғындардың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны да талассыз», - деді Б.Атамқұлов.
ОҚО жаңа оқу жылында 49 жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілсе, соның 22-сі кеше, 1 қыркүйек күні ашылды.
Сондай-ақ, Б.Атамқұлов атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 21-ге дейін қысқаратынына назар аударды. Ал, 46 апатты жағдайдағы мектептен бар-жоғы 17-сі қалмақ. Оған қоса биыл ОҚО-да 74 мектеп күрделі жөндеуден, 675 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жалпы, өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы 2016-2017 жылдары толығымен шешіледі деп жоспарлануда.
Облыс басшысы Назарбаев зияткерлік мектебінің сыныптары мен зертханаларын аралап, оқушылармен әңгімелесті.