Қазақстанда ҰБТ-ға дайындайтын электронды жаттығу алаңы ашылды

Қазақстанда ҰБТ-ға дайындайтын электронды жаттығу алаңы ашылды, - деп хабарлайды YK-news.kz. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды. Жаттығу кезінде жоғары балл жинаған болашақ талапкерге Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің гранты беріледі.

Порталдың мәліметінше, ҰБТ-ға дайындайтын электронды жаттығу алаңы Интернет арқылы жұмыс істейді. Алматыдағы мектептердің бірінің бұрынғы түлектері ойлап тапқан мұндай идеяны ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер құптап, жобаның іске асуына көмек көрсеткен.

Айта кетейік, өткен жылғы тестілеудің базасы www.viktoriny.kz интернет-сервисіне салынған. Енді кез келген мектеп оқушысы тегін тестілеуден өтіп, қолын жаттықтыра алады. 1 сәуірге дейін дайындыққа кіріскендердің арасында жүлде ойнатылады.

Арнайы жобаның авторы Шыңғыс Садықовтың айтуынша, жаттығу барысында ең жоғары балл жинағандар ҰБТ жақындаған кезде іріктеледі. Бірақ гранттың кімге бұйыратынын шынайы тестілеудің қорытындысы анықтап береді.

"Әрине, біз түсінеміз, электронды жаттығу алаңына қатысушылар Интернетті, шпаргалканы пайдалануы мүмкін. Сондықтан, жеңімпаз ҰБТ-ның қорытындысы бойынша анықталады. Гранттан бөлек мектеп түлектеріне өзге де сыйлықтар беріледі", – дейді ол.

сурет: userapi.com