Қазақстанда тағы екі түлек 125 балл алды

Қазақстанда тағы екі түлек 125 балл алды
Фото: massaget.kz

Қазақстанда ҰБТ-дан 125 балл алғандардың саны төртке жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, тестілеудің үшінші ағымы 4 маусым күні 61 пунктте өткізілді. Тестілеуге өтініш берген 59 195 түлектің 95,1 пайызы, яғни 56 318-і қатысты. Орташа балл - 78,4. 

"100 балдан жоғары нәтижені 3 154 (16,4 пайыз) түлек алды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4 018 (16,7 пайыз) болған еді. 125 балды 2 оқушы алды: Самат Сымбат Куанышқызы, БҚО Теректі ауданың "Үміт" лингвистика гимназиясының түлегі және Лаура Абдазимова, ОҚБ Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі", - делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, ҰБТ-ның үшінші ағымында 9 түлектің тестілеу нәтижесі жойылды. 50 балдық шеткі деңгейді 3 992 түлек (20,7 пайыз) тапсыра алмады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін тараздық түлек Гүлназ Ердосова мен Астана мектеп-лицейінің түлегі Риана Мұстафинаның 125 балл жинағаны хабарланған болатын. 

Қ. Бүйенбай