- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Қай жанрды ұнатасыз?...
Қай жанрды ұнатасыз?
Күзгі каникул да келіп жетті. Демалыс уақытында немен шұғылданасыз? Біріміз ауыл-аймақты аралап, қыдырсақ, енді біріміз үй тірлігінен қолымыз босамай жатады. Бүгінгі заманның талабына сай адам болғыңыз келсе, көбірек кітап оқығаныңыз жөн. Бір сарынды кітаптар емес, әртүрлі бағыттағы кітаптарды оқуға кеңес береміз. Адамдардың өзі әртүрлі болатыны белгілі. Психологиялық кітаптарды жақсы көретіндер, көркем әдебиетті ұнатпауы мүмкін. Талғамға талас жоқ екенін білеміз. Десе де, жан-жақты болу үшін барлығын қамти білу қажет. Сізге қай жанрдағы кітаптар ұнайды?!
Психология. Бұл жанрдағы кітаптарды оқып, өз өмірлеріне едәуір өзгеріс енгізгендер өте көп. Әлемге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Аңғармайтын кей дүниелерге оң көзқараспен қарауға мүмкіндік туады. Әлемдегі психология бағыты бойынша ең көп оқылатын авторлар Дейл Карнеги мен Зигмунд Фрейд болып табылады.
Көркем әдебиет. Қай халықтың болмасын мәдениеті мен жеке болмысын сол елдің көркем әдебиетінен көре аламыз. Мысалы, "Абай жолын" оқығандар қазақ елінің көшпелі тағдырынан хабардар болды. Көркем әдебиет шындыққа негізделіп жазылады. Десе де, автор өз қиялын қосуы әбден мүмкін. Көркем әдебиеттің бір ерекшелігі психология, тарих, фантастика бәрін де қамти алу мүмкіндігі зор. Қазақ әдебиетінен оқығыңыз келсе, Дулат Исабековтің әңгімелерін оқуыңызға болады. Оралхан Бөкей шығармалары да жан-жақты тақырыптарды қамтиды. Әлем әдебиетін оқығыңыз келсе, Габриель Гарсиа Маркес, орыс әдебиетіне Антон Чехов әңгімелерінен бастағаныңыз жөн.
Философия. Бұл бағытта көбіне нақыл сөздер көп айтылады. Өмірлік әңгімелерге сүйеніп жазылады. Кез келген дүниенің ақ пен қарасын айқын ажыратып көрсетіп отырады. Терең ойлап, тереңіне үңілуге бейімделесіз. Әлемде Фририх Ницше көп оқылса, Омар Хайям философиясы да көп мемлекетке аян.
Детектив. Шым-шытырық оқиғалар желісінің негізінде жазылып, түйіні қызықты болып аяқталады. Кей кездері қорытындыны көрсетпейді. Оқырман өзі қорыту үшін ойлануы мүмкін. Детективтің өзі қылмыс, ақша, отбасы, табиғат тылсымы сынды түрлі тақырыптарды қамтуы мүмкін. Әлемдік тұрғыда өте көп оқылатын Агата Кристи шығармашылығы. Оған қоса Рэймонд Чандлерді де оқып жүргендер өте көп.
Тарихи шығармалар. Тарих көп жағдайда шындықты, нақты датаны, айқын деректі талап етеді. Сол үшін де тарихи шығармалар деректерге сүйене отырып, шындыққа негізделіп жазылады. Әр адам өз отанының , өз елінің тарихын білуі шарт. Қазақ әдебиетінің алтын қорында тарихи шығармалар өте көп. Оқимын деген талпынысыңыз болса, Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов шығармаларынана бастағаныңыз жөн.
Осы секілді жанрларды барлық жағынан қамти отырып, әр жанрдан бір-бір кітаптан оқысаңыз да жеткілікті. Бүгінгі таңда қыздар қауымы көбіне махаббат тақырыбындағы шығармаларды оқығанды ұнатады. Бұл орайда әлемдік бестселлер қатарындағы Эльчин Сафарли, Николас Спаркс, Сесилия Ахерн кітаптарын да оқығаныңыз артық болмайды.
Ә. Жутаева