- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Журналистика: IT университетіне...
Журналистика: IT университетіне қалай оқуға түсуге болады?
IT униерверситеті атауымен белгілі Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университеті 2009 жылы ашылды. 2019 жылы ХАТУ ҚР университеттері рейтингінде үздік үштікке енді. Соның ішінде журналистика саласында білім беру бағдарламасы бойынша бірінші орынға ие болды. Түлектерді мазалаған журналистика және репотерлік іс мамандығына қалай түсуге болады? Осы және өзге сұрақтарға ХАТУ медиакоммуникация және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Ниязғұлова Айгүл жауап берді. Сонымен бірге университет өмірмен танысу үшін студенттермен тілдестік.
Ниязғұлова Айгүл Асқарбекқызы
Медиакоммуникация және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіндегі бакалавриат білім деңгейінде журналистиканың 4 бағыты мен PR (қоғаммен байланыс) оқу бағдарламасы бар. Қазір университетте тәжірибелі әрі журналистика саласында бірнеше жыл еңбек еткен, шетелде білім алған профессорлар мен мамандар жұмыс істейді.
Құжаттар қалай қабылданады?
Елдегі ахуалға байланысты құжат e-gov порталы мен ХАТУ-дың арнайы сайтында қабылданып жатыр. Университетке келіп құжат тапсырамын деушілерге есік ашық. Себебі университет барлық санитарлық тәртіпті сақтап отыр. Құжаттар 7 шілдеге дейін қабылданады.
Емтихан қалай өтпек?
Журналистика саласына қабылдау кезінде ҰБТ нәтижесімен бірге шығармашылық емтихан қорытындысы қатар есепке алынады. Сол себепті 8-13 шілде аралығында екі кезеңнен тұратын шығармашылық емтихан өтеді. Алғашқы емтихан онлайн түрде өтеді. Тіркелген талапкерлерге емтихан өтетін платформаның сілтемесі беріледі. Компьютер, смартфоны, арнайы гаджеті жоқ, мүмкіндігі шектеулі дейтін талапкерлерге университет қабырғасынан арнайы орын бөлінеді.
Журналистика кафедрасындағы мамандықтарға қабылдағанда ҰБТ-дағы қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы пәндерінің баллы және шығармашылық емтихан бағасы есептеледі. Абитуриент әр емтиханда 5-тен жоғары балл жинауы керек. Аталған шығармашылық емтиханды университеттегі ұстаздар мен комиссия мүшесі қабылдайды. Әр емтихан 40 баллмен бағаланады және әрқайсының өз талабы бар.
Алғашқы емтиханда не істейміз?
Бірінші емтихан жазбаша өтеді. Алдын-ала бекітілген тақырыптар бойынша талапкер эссе жазады. Оған бөлінетін уақыт – 3 сағат, жұмыс көлемі 2-3 беттен кем болмауы шарт. Жоғары балл – 40. Талапкердің жұмысында мынаған баса назар аударылады:
- Тақырыпты аша білу, мазмұны – 13 балл;
- Құрылымы – 13 балл;
- Тілі мен стилі, сауаты – 14 балл.
Емтихан тақырыптары сайтқа ілінеді.
Екінші емтиханда талапкер не істейді?
Екінші емтихан ауыша өтеді және екі міндетті тапсырмадан тұрады. Біріншісі талапкердің жеке жобасы немесе осы уақытқа дейін түрлі басылымда жариялаған жұмыстарын көрсетеді. Шығармашылық жоба барысында берілген тақырып бойынша арнайы жоба дайындап, соны қорғауы шарт.
Тақырыптар тізімі мынадай:
- ХАТУ-дың "Журналистика және репортерлік іс" саласындағы білім беру бағдарламалары (4 білім беру бағдарламасы – Бизнес журналистика, SMM& PR, Цифрлық журналистика, Халықаралық журналистика, Телерадиожурналистика) үшін әлеуметтік желілерге флешмоб немесе лайфхак әзірлеңіз.
- Әлеуметтік желіде ХАТУ-дағы e-journalism парақшасын-сайтты, әлеуметтік желіде парақшаны немесе әлеуметтік желіде өз парақшаңызды, не топты ілгерлету жоспарын жасап, жазып көрсетіңіз.
- Сандық медиа технологиялар, жарнама, PR немесе жұртшылықпен байланыс саласында стартап жоба жасаңыз.
- Өз бейнефильміңізді, жарнамалық ролик, қысқа метражды фильміңізді көрсетіңіз. Қорғау уақыты 7 минут, 8 минут-комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беру.
Жобаны қорғау үшін тек 5 минут жеткілікті, одан бөлек комиссия мүшелері қосымша сұрақтар қояды.
Ал, екінші тапсырмада талапкердің журналистикаға қызығушылығы мен оның жан-жақтылығын білу үшін түрлі сұрақ қойылады. Бұл емтиханды да 40 балмен бағалайды:
- жарыққа шыққан мақалалары не жобасы – 15 балл;
- талапкердің ой көкжиегі, оның жан-жақтылығы (Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатынан хабары, мемлекеттік қызметтерді білуі және талқылай алуы), елдегі БАҚ туралы білімі – 15 балл;
- ойын еркін жеткізуі, сөздік қоры, дикциясы және адамдармен байланыс жасай білуі – 10 балл.
Бүгінде түлектеріміз кәсіби маман ретінде түрлі телеарна, сайт пен медиа холдингтерде қызмет атқарып жатыр. Өйткені олар цифрлық технологияларды толық меңгерген, ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Сондықтан жыл сайын университетке бөлінетін мақсатты гранттардың саны артып отыр.
Студенттер пікірі
Нұрлыхан Жұмахан
2-курс студенті
ҰБТ-ға 10 сыныптан бастап дайындалдым. Журналист болуды армандаған соң, еліміздегі бірнеше ЖОО ұйымдстырған олимпиадаларға қатысып, ондағы білім беру мен студенттік ортаны көрдім. 10-сыныпта IT университетінің "электронды журналистика" мамандығы бойынша арнайы олимпиадасына қатыстым. Грант ұтпасам да, оқу орнынына деген ерекше ықылас қалыптасты. Кейін басқа ЖОО ұйымдастырған олимпиадаларға қатысып, оқуға жеңілдік ұтып алдым. 11 сыныпқа келгенде маған нақты таңдау жасау керек болды. Екінші рет ХАТУ олимпиадасынан 25% оқуға жеңілдікті иелендім. Бұл жетістігім университетке деген қызығушылығымды арттырды.
ҰБТ-дан 33/40 балл жинадым. Ойланбастан ХАТУ-ға келдім. Алдымен мамандықтың аты жай ғана журналистика емес, электронды журналистика болғаны қызықтырды. Оның үстіне техникалық білім өзіме қатты ұнайды.
Мен сияқты қарапайым ауылдан келген оқушы үшін алғашқы семестр қиын болды. Нақты білімді талап етті. Оқу үш тілде. Сағымды сындырмай, талпындым. Кейде ауысып кету ойда болды. Бірақ өзімді қамшылап, қатардан қалмадым. Ең алғаш Қазақстан тарихынан бірінші аралық бақылаудан 64 балл алғанда, көңілім түсті, бұл маған оқуға мотивация болды. Екіншісінде дамылдамастан сабақ айтып, автоматты түрде 96 балл алдым. Сессия кезінде де тұрақты дайындық болған соң аса қиналмадым.
Ал қалған сабақтар тікелей мамандыққа байланысты. Олардың да қиындығы болды. Газетке шұбыртып жазып үйренген соң ба, ақпараттық материал жазуда біраз шатастым. Бірақ үйрендік. Ең бастысы – сабақты қалдырмай оқу. Студенттік тайм-менеджментті меңгерсең, оқуға да, қыдыруға да уақыт табуға болады екен.
ХАТУ-дың артықшылығы – білімді талап етуі. Сол арқылы ағылшын тілін меңгеріп, техникалық тұрғыдан да озық боуға талпыныс пайда болады.
Аружан Сатпаева
2020 жыл түлегі
ХАТУ-дағы электронды журналистика мамандығында 4 жыл білім алдым. Ең алдымен, университеттегі басты жетістік деп арнайы жабдықталған студияны атап өтуге болады. Университет студентті барлық технологиямен қамтамасыз етеді.
Одан бөлек бізде барлық дисциплина үш тілде өтті. Қазақ және орыс тіліндегі ақпараттан бөлек, ағылшын тіліндегі дереккөздердің көмегіне жүгінеміз. Оның үстіне, ағылшын тіліндегі ақпарат қоры басқа тілдермен салыстырғанда әлдеқайда бай әрі ой көкжиегімізді де кеңейте түсті.
Студенттік өмір белсенді студенттер үшін қызық болатыны сөзсіз. Өйткені университет театры, аниме немесе музыка клубы, би, чирлидинг, спорт түрлері мен радио, фото секілді қызықты ұйымдардың мүшесі болуға болады. Студенттер де түрлі сала мен бағытта білім алып жатқанына қарамастан бір-бірімен тығыз араласады. Тимбилдингтер, байқаулар мен түрлі кештер жиі ұйымдастырылады. Университет белсенді студентке жұмыс ұсынады.
Біздің университеттегі мұғалімдеріміздің көбі – сала бойынша қызмет ететін мамандар. Яғни, тек сабақ беріп қана қоймай, телеарна, сайттар мен радиода да қызмет етеді. Олардың өз айтары мен берері бар. Әрине, олардың арасында ісіне салғырт қараған, барлық міндетті студентке жүктеген ұстаздар да болды. Мысалы, әлі таныла қоймаған, тың пәндерді басынан аяқ өзіміз ізденіп, өзіміз түсінген кездер де кездесті. Бұл ізденімпаз, қабылдауы оңай студенттер үшін жақсы болуы мүмкін. Дегенмен кейде ұстаздар өздерінің жұмысын таныстырып, студентпен жұмыс істеуді керек ететін сәттер де болды. Сонымен бірге ұстаздардың басым бөлігі жас әрі шетел көрген азаматтар болғандықтан ба, олармен тіл табысу, еркін тақырыпта сөйлесу, талқылау және идея бөлісу әрқашан қызық болатын. Олар да керек уақытта кеңесін беретін. Университет қабырғасында ұстаз бен студент арасындағы ресми қарым-қатынастан гөрі, достық қарым-қатынас ұстанатыны өзіме қатты ұнайтын.
Одан бөлек, ХАТУ – өз бетімен жұмыс істейтін, талпынатын адамға арналған университет. Бұл жерде бәрі әділ бағаланады. Сабаққа келмей, уақытында тапсырма өткізілмесе, соған сәйкес баға аласың. Аянбай тер төксең, еңбегің де солай бағаланады. Студентке университет барлық сала бойынша теориялық білім береді, оны тәжірибе жүзінде қолдануды өзіне тапсырады.
IT университетін таңдайтын талапкерлерге қандай жағдай болмасын, бәрі өз қолында деген қағидамен келуін тілеймін.
Т. Есқали