Журналистика факультетіне түсу үшін ең алдымен кітапты көп оқу керек. Қазақтың оралымды да ырғақты, бай да көркем тілін кез келген сәтте еркін қолданып, шұрайлы жазба жаза білуге тиіссіз. Сіздің сыртқы келбетіңіз қаншалықты көркем болса да, сөйлеу мәнеріңіз бен дауыс ырғағыңыз қаншалықты жағымды болса да, мәтін жаза алмайтын болсаңыз, басқа журналистерден төмен тұрасыз. Жақсы жаза алатын журналист қана жоғары бағаланады.
Журналистика факультеті Қазақстан Республикасында бірнеше оқу орнында оқытылады. Біз сіздермен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу жағдайын қарастырамыз. Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті жалпы журналистика, баспа ісі, қоғаммен байланыс, дизайн мамандықтарын қамтиды.
Қоғаммен байланыс мамандығын оқыған студент кез келген жұмыс орнына қызметке жарамды. Олардың негізгі саласы маркетинг-менеджмент, жарнама. Әр тұлғаны, тауарды дұрыс жарнамалап, өтімділігін арттыруды кәсіби тұрғыда оқытып үйретеді. Бұл мамандыққа түсу үшін ҰБТ-да география пәнін таңдап, жалпы конкурсқа қатысасыз.
Баспа ісі мамандығы негізінен кітап, газет-журналдардың шығуы жөнінде оқытады, редакторлық қызметтің қыр-сырын үйретеді. Тележурналистика, радиожурналистика пәндері де бір семестр оқытылады. Сонымен бірге бұл мамандықты бітіріп шыққан студент дипломына «Өнер бакалавры» деп жазылады, қабілетіне қарай мектеп, баспа, телевизия, радио, театр қызметіне де жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Баспа ісі мамандығына әдебиет пәнін таңдап, жалпы конкурс арқылы түсе аласыз.
Жалпы журналистика мамандығының гранттары жалпы конкурста бөлінбейді. Бұл мамандыққа түсу үшін арнайы шығармашылық емтихан тапсырасыз. Маусымның жиырмасы мен шілденің бірі аралығында құжаттарыңызды қалаған ЖОО-ға апарып өткізесіз. Маусымның соңғы күніне дейін құжаттарыңызды толық өткізіп қойсаңыз, нұр үстіне нұр. 2 шілде күні шығармашылық емтихан басталады, ол 2 турдан тұрады. Онда сіздің ҰБТ-да жинаған балыңыздан қазақ тілі мен қазақстан тарихы пәндері ғана есептеледі. Қазақ тілі 25 ұпай, қазақстан тарихы 25 ұпай, шығармашылық емтихан бірінші тур 25 ұпай, екінші тур 25 ұпай. Максималды 100 ұпай жинауыңыз керек, 70 ұпайдан жоғары жинасаңыз, ақылы бөлімге түсуіңізге еш кедергі жоқ.
Шығармашылық емтиханның бірінші турында шығарма жазасыз. Үш тақырып беріледі, өзіңізге ұнаған бір тақырыпты ашып жаза алуыңыз тиіс. Бұл турда сіздің жан-жақты танымдылығыңыз, тіл байлығыңыз, сауатты жаза білуіңіз бағаланады. Екінші тур ауызша өтеді. Бұрын баспасөздерде жарияланған шығармаларыңызды өзіңізбен бірге ала келесіз. Журналистика саласындағы тұлғалар, салаға қатысты терминдер (PR, дайджест, репортаж) жайында сұрақтарға жауап бересіз. Баспасөз бетіне ешқандай шығармаңызды жарияламаған болсаңыз, қазірден бастап газет-журналдарға жібере бергеніңіз жөн. Массагет сайтының блогтар бөлімінде жеке блог жазуыңызға да болады. Сол туындыңызды қағазға шығарып апарсаңыз, қуана қабылдайды.
Дизайн мамандығы кітаптардың сыртқы мұқабасының безендірілуі, фото өңдейтін бағдарламаларда (Photoshop, inDesign, CorelDro) кәсіби тұрғыда жұмыс істеп үйретуді басты назарда ұстайды. Әдеттегі мамандықтар секілді 4 жыл оқып, жартылай жоғары білім емес, 5 жыл оқып толық жоғары білім алып шығасыз. Яғни ЖОО бітіргенде бірден магистрлікпен тең дипломға ие боласыз.
Қай мамандығын оқысаңыз да, журналистика факультетінің ішінде жүрген соң, параллель мамандық пәндерін де оқып, олармен етене араласып, әмбебап журналист болып шығасыз. Іске сәт, жас достар!
Ұқсас жазбалар:
ҰБТ. Журналист мамандығын таңдасаңыз...
Журналист деген кім?