Журналистика факультетінде дәстүрлі түрде жыл сайын "Жас тілшілер" форумы өтеді. Бұл шара осы жылы елу алтыншы рет өткізіліп отыр. Форумның басы-қасында жүрген Гүлмира Сұлтанбаеваның пікірінше, мұның ерекшелігі екінші рет онлайн форматта өткізілуінде екен. Сонымен қатар Г.Сұлтанбаева "Журналист болғың келе ме?" байқауының салмағын арттыру үшін қандай өзгешеліктер енгізгенін айтты:
Биыл біз бұл байқауға "Ұлан" газетінің 90 жылдығына байланысты және Әлихан Бөкейхановтың шығармашылық мұрасы мен өміріне арналған номинациялар қостық. "Ұлы Абай", "Ұлы даланың жеті қыры" деген номинациялар тағайындап, байқаудың салмағын, мәндік-мағыналық, идеологиялық тұрғыда жас өрендерге беретін маңызын арттыра түстік. Биыл бізге Қазақстанның барлық өңірінен, ауыл мектептерінен 300-ден астам журналист болғысы келетін оқушы жасаған жұмысын жіберді.
2020 жылы өткен "Ең үздік жас тілші" байқауының жеңімпазы Айсұлу Съезхан биылғы форумға да қатысты. Ол желтоқсан айында 2021 жылдың жеңімпазын өзі таңдады. А.Съезхан форум туралы жүрек жарды лебізін былай білдірді:
"Бұл форумға мен алғаш 2019 жылы қатысқан едім. Биыл үшінші жыл қатарынан келіп отырмын. "Ең үздік жас тілші" байқауын ұйымдастырып, журналист болғысы келетін жастарды барынша қолдап жүрген ұстаздарға алғыс айтамын. Жас тілшілерге әрдайым ізденіңіз, оқыңыз, жазыңыз, тоқтамаңыз деймін".
Форумның шымылдығын "Ұлан" газетінің Бас редакторы Жадыра Нармаханова ашып берді. Ол газет шығару кезеңіндегі сахна сыртында бізге беймәлім түрде жүретін үрдісті баяндап, мақалалар қалай дайындалатынынан хабардар етті. Ал "Ақжелкен" журналының Бас редакторы Есей Жеңісұлы жас тілшілерді шыңдап шығаратын мектеп туралы сөз қозғады. Сонымен қатар талай баланың арманы болған Абай атындағы РММИ директоры Роза Сексенова да форумда жас тілшілердің бетін қақпай, белін бууға үлес қосатынын айтты. Шетелдегі ғылым медиасының өкілдері В.Вачицин, Г.Кендірбай да форумға қатысты пікірін білдіріп, шарада төбе көрсетті. Отандық журналистер М.Толықбай, Р.Меделбек, М.Болатұлы да өз саласына қатысты жас өрендерге айтар кеңесі мен ақылын аянып қалмады.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір үзілмей, сонау Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Ш.Смаханұлы тәрізді дара тұлғалардан бастау алып, әлі күнге қаймағы бұзылмаған қалпында сақталып, жас тілшілердің мүмкіндігін арттырып келе жатқаны қуантады. Керісінше, жыл өткен сайын жаңарып, түрленіп келе жатқан форумның болашағы да жарқын боларынан үміттіміз.