Алғашында бірінші курс студенттері өзін ертегіге тап болдым деп ойлайды. Үй тапсырмасы беріледі – тексермейді, дәріс оқылады – жазу-жазбау өз еркіңде. Түнімен қыдырады – оқытушы ұрыспайды. Сабаққа бармайды – себебін ешкім сұрамайды.
Бірінші аралық бақылау (рейтинг) басталғанда бұл ертегі аяқталады. Себебі студент «әркім – өзі үшін» деген жазылмаған ережені сол сәтте бір-ақ түсінеді.
Үйге берілген тапсырманы өзіңіз үшін орындап, оқытушыға тексертіп, тиісті балыңызды алып үлгеруіңіз керек. Мектептегі «тапсырма сұрамады, демек жолың болды» деген ұстаным жоғары оқу орнына жарамайды. Айтып үлгере алмай қалған тапсырмаңызды мұғалімнің бос уақытын сұрап, сол аптадан қалмай тапсырғаныңыз жөн. Себебі әр аптаға шектеулі балл ғана қойылады. Кейін қайтару мүмкіндігіңіз аз болады.
«Мектепте мұғалім сенің артыңнан жүгірсе, университетте сен мұғалімнің артынан жүгіресің», «мектепте оқы-оқы деп жалынатын апайларымыз жақсы екен» деген сөздерді талай естіген боларсыздар. Міне, сессияның жартысына жеткен кезде мектеп пен жоғары оқудың айырмашылығы жер мен көктей екенін өздеріңіз түсінетін боласыздар.
Біз мектеп қабырғасында он бір жыл бойы оқығанда тек партаға, қабырғаға, мұғалімдерге ғана емес, бір сарынды білім алу жүйесіне де әбден бой үйретіп аламыз. Мысалы, мектепте екілік баға алсақ, оны жою үшін екі рет алған бестік баға жеткілікті. Бақылау жұмысында сабақтан қалып қойсақ, кейін көшіре саламыз.
Педиатр жазып берген медициналық анықтама бақылау жұмысы мен үй тапсармасын орындағысы келмейтін оқушы үшін үлкен жеңілдік болса, студент үшін мүлдем маңызы болмайды. Ауруды сылтауратып сабақтан қалған студент сол аптада алуы тиіс балынан қағылады, басқа ешкімге есеп берудің қажеті жоқ.
Жалғасы бар...