Бәріміз қоғамда, ұжымда, отбасында өмір сүреміз. Кез келген уақытта адамдардың ортасында жанжал туындап қалуы мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдердің арасында мұндай жағдай жиі қайталанып жатады.
Неліктен?
Ол көбінесе темпераментке байланысты. Темперамент төртке бөлінеді: холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик.
Холерик. Бұлар көшбасшылар, елдің алдында жүргенді, жарқылдап көзге түскенді ұнатады. Алдына қойған мақсатына міндетті түрде жетеді. Алайда олар біреудің көңіліне қарауды білмейді, қызуқанды, бетің бар, жүзің бар демей, тура сөйлеп, ойындағысын айтып салады. Оған еш қысылмайды да, бірақ өздеріне осындай қарым-қатынас жасағанды ұнатпайды.
Холериктерге кеңес: айтылатын сөзіңізді салмақтап (біреудің намысына тимейтіндей), ой елегінен өткізіп алыңыз. Әркімнің қабілеті, қабылдауы әртүрлі болатынын ескеріңіз. Бос уақытыңыз бен энергияңызды спорттың өзіңізге ыңғайлы түрімен шұғылдануға жұмсаңыз.
©Алексей Игнатченко
Сангвиник. Олар өздерінің белсенділігімен, ашықтығымен, кез келген жанмен тіл табыса кететіндігімен ерекшеленеді. Елдің барлығының көңілін тапқысы келеді. Өзі де жұрттан сондайды талап етеді. Егер уақыт тапшылығына немесе өзге де себептерге байланысты жүзеге аспай қалып жатса, ренжіп қалады. «Мен саған, сен маған» ұстанымымен өмір сүреді.
Сангвиниктерге кеңес: елдің бәрінің көңілін табу міндет те емес, мүмкін де емес. Айналаңызда сізді ұнатпайтын адамдар болуы ықтимал, алайда сіз оған қамықпаңыз. Жолдастарыңыздың санын шектеңіз, шағын ұжымдағылармен тату-тәтті өмір сүріп үйреніңіз.
Флегматик. Ең байсалды, байыпты жандар. Айналасында болып жатқан нәрселерге жайбарақат қарайды. Біреулер күйіп-пісіп, өзін тілдеп жатса да, «сабыр түбі – сары алтын» деп отыра береді. Ұжымдағылар осы флегматикке келіп, мұңын шағады. Өйткені ол мейірімді. Алайда оның тым баяулығы өзге жұртты жалықтырып жіберуі ықтимал. Сондықтан тұрақтылықты қалайтын жан ғана онымен бірге қалуы мүмкін. Жұмыста өзіне үйреншікті бір істі ғана асықпай атқарғанды ұнатады. Күнде бір жаңалық еніп жатқан, өзгеріске толы өмірде бұл кемшілік болып есептеледі.
Флегматикке кеңес: өзгерістерден, жаңалықтардан жүрексінбеңіз. Біліміңізді жетілдіріп отыруға дағдыланыңыз. Жаңа технологияны меңгеріңіз.
©Валерия Куликова
Меланхолик. Бұл типтегі жандарға болмашы жайтқа күйіп-пісіп, күйгелектену тән. Барлық нәрсенің өз орнымен, уақытымен, сәтімен болғанын қалайды. Тәртіпті, жүйені жақсы көреді. Егер ауытқушылық болса, сасқалақтап қалады. Жаны сондай нәзік, ауыр сөзді көтере алмайды, тіпті біреудің қабағының шытылғанын көрсе, кіретін тесік таппай қалады. Бастығынан ескерту алса, сары уайымға салынып кетеді. Өмірде болып жатқан келеңсіз жайттарға көп көңіл бөледі. Жаңалықтардың ішіндегі негативті жақтарын есінде сақтап, жұртпен бөліскенге әуес.
Меланхоликке кеңес: өмірдің кемпірқосақ секілді алуан түске боялып тұратынын есте ұстаңыз. Жақсылыққа ұмтылыңыз, «жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ұмытпаңыз. Сәл нәрсеге жүйкеңізді тоздырмаңыз. Басқа адамдардың қылығына, жүріс-тұрысына көңіл аударыңыз. Позитивті музыкаларды тыңдаңыз, комедия жанрындағы шығармаларды оқыңыз, фильмдерді көріңіз.
Міне, қымбатты жас дос, адамдар темпераментіне байланысты да бір-біріне ұқсамайтынын білдіңіз. Сондықтан жақындарыңызбен тіл табыса біліңіз.
Сәттілік тілейміз!
Басқы сурет: ©Арғын Елеукенов
Оқи отырыңыз:
Жаңа мектепке қалай үйренісуге болады?
Жасөспірімдерге кеңес. Ішкі агрессияны қалай ауыздықтауға болады?
Жақсы оқығым келеді десеңіз
Жасөспірім қыздарға кеңес