- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Жасөспірімдер ұсынады: Қандай...
Жасөспірімдер ұсынады: Қандай кітаптар оқыған жөн?
Бүгінде балалар мен жасөспірімдер мүлде кітап оқымайды деген пікір бар. Дегенмен оларға дұрыс кітап ұсыну арқылы олардың қызығушылығын оятатынын естен шығарып аламыз. Өзіне ұнайтын жанрды тапқан ересектер сияқты балалардың да жанына жақын жанр мен тақырыптар бар. Бірі бала кезінен қиял-ғажайып туындыларды жақсы көрсе, енді бірі тарихи оқиғалар негізінде жазылған кітаптарды жақсы көреді. Массагет сайты мектеп оқушыларымен біріге отырып, әр жасөспірім оқуы тиіс кітаптар топтамасын ұсынады.
Бердібек Соқпақбаев
"Өлгендер қайтіп келмейді"
Тарихи оқиғаны жақсы көретін балаларға арналған туынды. Кітапта балалық шағы соғыс уақытына тура келген Еркіннің басынан кешкендері баяндалады. Бала болса да, арқа сүйер ағасы соғысқа аттанғанда үйдің бар жауапкершілігі Еркіннің мойнына артылады. Автор ауыр оқиғаларды жұмсақ тілмен жеткізеді.
Эдит Ева Эгер
"Таңдау" / "Выбор"
Ұсынған: Даярдиева Мадина, 17 жас.
Бұл кітапта баяндалатын оқиға соғыс уақытымен тығыз байланысты. Шамамен өзім жасты (16 жаста) бойжеткен концлагерьге түседі. Түрлі қиындықтарды басынан кешіреді, сіңлісі екеуі бұл азаптан аман қалады. Кейін лагерден кейін психолог ретінде қызмет атқарып, өткен жайында кітап жазады. Маған бұл кітап кейде адам сыртқы қоршаудан гөрі, ішкі қоршаудың шырмауында жиі қалатынын дәлелдегендей болды. Автор — сол шектеуден босап шыққан жандардың бірі. Бұл кітапты оқып отырып адамның ішіндегі күштің қаншалықты зор болатынын түсіндім. Оның үстіне адамдармен қарым-қатынас психолгиясын ұққандай болдым.
Джон Грин
"Жұлдыздар кінәлі" / "Виноваты звёзды"
Бірнеше жыл бұрын трендке айналған "Жұлдыздар кінәлі" кітабының бас кейіпкерлері – Хейзел мен Огастус. Қос ғашық қатерлі ісікке шалдыққандар жиынының кезекті бас қосуында танысады. Олар бір-біріне қолдау көрсетіп, аз ғана ғұмырларын естелікке толтыруға тырысады. Жас оқырман бұл кітапты оқу арқылы бүгінгі заманның негізгі мәселелерімен танысып, өлімнің жас талғамайтынын, ал махаббат адамдардың өмірге құлшынысын арттыратын түсінеді.
Пауло Коэльо
"Алхимик"
Ұсынған: Кабидолла Айшабиби, 17 жас
Бұл кітап арқылы автор "қиындықтың қарапайым" екенін көрсеткісі келетін сияқты. Кейде адамдар қиындықтарды жақсы көреді, ауыр кітаптар оқиды, қиын жұмыстармен айналысады. Ал адамнан адамға ой жету үшін қара сөз бен іс-әрекет керек. Кітапты оқығаннан кейін адамдар өзінен басқа адамдардың барлығын тыңдауға дайын екенін түсінгендей болдым. Бақытты болу үшін адамға қарапайымдылықтан артық ешнәрсе керек емес.
Жоан Роулиң
"Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" / "Гарри Поттер и философский камень"
Кішкентай сиқыршы Хэрридің басынан кешкен оқиғасын білмейтін адам кемде кем. Алдымен фильмін көріп алып, кітабын оқуға болады. Қаласаңыз, керісінше кітабымен танысып, кейін фильмді көру арқылы салыстыруға да болады. Қиял-ғажайып жанрында әзірге бұл кітаптан асып түсетін туынды табу қиын екені айдан анық. Бастысы шығарма достықтың, ізденімпаздық пен қызығушылықтың адам өмірінді маңызды екенін жеткізеді.
Луиза Мэй Олкотт
"Кішкентай ханымдар" / "Маленькие женщины"
Ұсынған: Молдабекова Шұғыла, 17 лет
Кітапты оқып отырып түрлі эмоцияларды бастан кешіресің. Күлесің, қуанасың, жылайсың, қайғырасың, өкінесің… Автор бой жете бастаған бір үйдің төрт қызының түрлі тағдырын сипаттайды. Бір үйдің тәрбиесін алса да, олар бір-біріне ұқсамайды. Оларды ерекшелендіретін — арман-мақсаты. Біреуі жар болуды таңдаса, енді бірі әлем көрсем дейді. Бұл кітап әркім өз басына жазылған қиындықпен түрлі күрестінін және отбасыдан артық қолдаушы мен жұбаныш табылмайтынын түсіндіргендей болды.
Юваль Ной Харари
"Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы" / "Sapiens:краткая история человечества"
Аталған кітапта жүз мың жыл бұрын өмір сүрген алты түрдің бірі – Homo sapiens өкілінің пайда болуы тарихынан бастап, бүгінгі кезеңге дейінгі аралық баяндалады. Автор Homo sapiens-тің экожүйеде горилла, жарқырауық қоңыз немесе медузадан артықшылығы жоқ жануар бола тұра ғаламшардың иесіне және бүгінгі экожүйенің басты жауына қалай айналғанын сипаттайды. Жануар ғана емес, адамдар неге түрге, мемлекетке, дінге бөлінетіні сипатталады.
Малкольм Гладуэлл
"Данышпандар мен аутсайдерлер" / "Гении и аутсайдеры"
Ұсынған: Есенғалиева Айзере, 18 жас
Кітапты көп жерде ата-аналарға арналған деп ұсынады. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы кей сұрақтардың жауабын осы кітаптан таптым деуге болады. Өмірдегі кей нәрсе белгілі бір заңдылық бойынша іске асады. Адамның жетістікке жетуі де сонымен тығыз байланысты деп ойлаймын. Керек кеңестер мен түрлі зерттеу жұмыстарының нәтижесі болашақта пайдама асады деп ойлаймын. Әр сәтсіздігіне неге бұлай деп қыңжылып жүрген әр жасөспірім аталған кітапты міндетті түрде оқуы керек.
Р. Дж. Паласио
"Ғажап" / "Чудо"
Август – бесінші сынып оқушысы. Өтпелі кезеңге аяқ басқан шақ. Бұл уақыт барлық жасөспірім үшін маңызды. Август компьютер ойынын жақсы көреді, итті жақсы көреді, "Жұлдызды шайқас" фанаты. Сонымен қатар, сирек кездесетін генетикалық ауру кесірінен оның бетіне 27 ота жасалған болатын. Кітап адамды сыртқы бейнесіне бола бөлуге болмайтынын түсіндіріп, достық пен өзін-өзі қабылдауға үйретеді.
Т. Есқали