- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Жас түлектерге ұстаздары...
Жас түлектерге ұстаздары айтатын тілектер #2
Өздерінің білгенін бөлісіп, білім мен тәлім үйретуден шаршамаған мың жасағыр ұстаздар қауымының жас түлектерге бітіру кешінде айтатын тілектер тізбегін әрі қарай жалғастырмақпыз. Айтылған әр тілек оңынан келіп, орындала берсін деп тілейміз, ендеше!
Құрметті жас түлектер, біздің болашағымыз – сендерсіңдер! Енді бір жиырма жылдан соң біз зейнеткер атанып қартая бастағанда сендердің бәрің әр саланың бір жетекші маманы болып қызмет жасап жүретіндеріңе сенімдімін. Жүрген жерлеріңде туған жерлерің мен ата-аналарыңды ұмытпағайсыңдар!
Балалар, ұстаз деген тек білім беруші ғана емес. "Ұстаз" деген төрт қана дыбыстың астарында қаншама түсінік жатыр. Бұл өмірде ана емізген ақ сүтін, ұстаз берген білімін міндет қылмауы керек. Оны әрбір бала іштей мойындап, сол үшін анасы мен ұстазының осы игі істерін ұмытпаса болғаны... Содан асқан мәртебе бар деймісіңдер?...
Айналайын, жас түлектер, бүгін осында айтылып жатқан ақ тілектер тек құлақтың жан-жағында ғана қалып қоймай, көңілдің төрінен орын алып, жүректің қақпасын қағып, ішіне енсін. Өйткені «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді біздің қазақ. Ата-аналарың мен ұстаздарыңның жүрегін жарып шыққан сөздер бәріңнің болашағына демеу болса екен! Өмірлік бағыт-бағдарларыңды дұрыстап түзеп алыңдар да, болашаққа нық қадам баса қойыңдар!
Бүгінгі заман – ұстаздан шәкірт озатын заман. Ол үшін біз қуанбасақ, өкінбейміз. Өйткені біздің мемлекетіміздің қарыштап дамуы үшін дарынды жастар керек-ақ. Сендердің де араларыңнан ел тізгінін ұстайтын азамат шығып жатса, нұр үстіне нұр болмай ма? Күрделі де, сан соқпақты жолдары бар өмірде әлсіздерге орын жоқ. Жер бетіне аяқ басып жүріп жүргенде сенен бақытты адам жоқ. Сондықтан он екі мүшең сауыңда, еңбек етіп, ел танып, сауатыңды ашуды өмірлік міндет сана!
Ұстазы мен ата-анасының есімдерін айтқанда олар жерге кірерліктей, беті қызара ұялатындай адам болмаңдар! Адам деген асқақ атқа лайық болып, адамгершілік пен адалдылықтың туын биік ұстаңдар!
Ұқсас жазбалар:
Жас түлекке ақ тілек: Ата-аналар айтатын тілектер
Жас түлекке ақ тілек: Ата-аналар айтатын тілектер # 2
А. Әбілхан