Жас түлектерге ата-аналары айтатын тілектер #2

Жас түлектерге ата-аналары айтатын тілектер #2
Фото: Арман Хайруллин

Құрметті оқырман, жас түлектерге ата-анасы айтып қуантатын тілектер шоғырын жалғастырамыз. Айтылған осы тілектер әр жүректің түкпірінен орын алып, болашақта орындалар деген сенімдеміз. 

Басы

Құрметті жас түлектер, бұл өмірде саналы ғұмыр сүріп, адамдармен тең дәрежеде болу үшін білімнің маңызы өте көп. Сендер он бір жыл бойы жүз пайыздық білімнің тек бір пайызын ғана меңгердіңдер, қалған тоқсан тоғыз пайызын сендерге жоғарғы оқу орындары мен өмірдің өзі үйретеді. Талпына беріңдер, қанаттарың талмай қалықтай беріңдер!

Құрметті балаларым, бітіруші түлектер, мектеппен қоштасу сәтіне де жеттіңдер, міне. Ертең бір-біріңді сағынасыңдар. Әрқайсың әр тарапқа тарап, елдің қамын ойлайтын ер азамат, өз ісін үздік меңгерген маман боларсыңдар деп сенемін. Он жылдан соң бас қосқанда бәрің бір-бір саланың тізгінін ұстаған нағыз маман иесі болып оралатындарыңа сенемін.

Құрметті түлектер, ең бастысы – денсаулық! Сондықтан, сөзімді осыдан бастайын да, сендерге білім мен бақытқа жету үшін зор денсаулық тілейін. Бір-біріңе деген бауырмалдық мен достыққа шаң бастырып, сызат түсіріп алмаңдар! Қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар! Елге тиер пайдасы көп маман болыңдар!

Жаным, балам! Сенің білімге құштарлығыңа мен қашанда тәнтімін. Өмірге ғашық осындай қалпыңнан тайма! Күні-түні алған біліміңнің болашақта әперер асуы көп болсын!

Айналайын, еркетайым! Сенің балалық шағың осы мектептің қабырғасы мен өзің өскен үйде қалып қояды енді... Енді сен бой жетіп, болашақ атты пойызға мініп, жүргелі тұрсың. Саған денсаулық пен сәттілік және бақыт пен байлық тілеуден жалықпай, анаң екеуміз үйде тілеуіңді тілеп отырамыз.

Түлектер, жас талапкерлер! Сендер үшін нағыз өмірдің бастауы – осы. Енді сендер қабағы қатулы адамдары қарбаласқан өмірдің тұрмыстық тауқыметінен шыға алмайтын үлкен-үлкен қалаларға білім алуға аттанбақсыңдар. Қайда болсаңдар да, аман жүріңдер. Еліміздің өркендеуіне күш салатын мамандықтардың бірін дөңгелетіп әкетеді деген сенімдемін. Ауылға да жақсы мамандар керек екендігін есте сақтап, дипломмен туған жерлеріңе де оралу ойда болсын, қарақтарым!

Ұқсас жазбалар: 

Түлекке: Қазақстандағы ең "қымбат" жұмыс орындары

Қыздарға арналған мамандықтар

 

А. Әбілхан