Жаратылыстану-математика пәндері бойынша Президенттік олимпиадаcы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жыл сайын Президенттік олимпиада өткізеді.

 

Президенттік олимпиаданың мақсаттары мен міндеттері:

1) орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында математика, физика, химия және биологиядан дарынды оқушыларды анықтау үшін кәсіптік бағдар мен болашақтағы интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай жасау; 

2) жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету;

3) тұлғаның өзін-өзі жетілдіруіне және дамытуына жағдай жасау.

Президенттік олимпиада жыл сайын үш кезеңде өткізіледі:

1) бірінші кезең – өңірлік - 1 қарашаға дейін;

2) екінші кезең – іріктеу кезеңі 2 турда өткізіледі:

1 тур – қашықтық – жыл сайын 15 қарашаға дейін;

2 тур – шығармашылық, қашықтық тур өткізілген күні эссе жазу (1 беттен кем емес, 45 минут);

3) үшінші (қорытынды) кезең – республикалық, (желтоқсанның бірінші онкүндігі).

Президенттік олимпиаданың әр қатысушысы барлық кезеңде тапсырмаларды төрт пәннен орындайды: математика, физика, химия және биология.

Президенттік олимпиаданың барлық кезеңін тапсырмалармен қамтамасыз етуді дарынды балалармен жұмыс жүргізу саласындағы ұйым – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады.

Президенттік олимпиадаға бұрын-соңды республикалық және халықаралық пән олимпиадаларына қатыспаған республиканың білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары қатысады.

Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңнің барлық қатысушыларына сертификат тапсырылады.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері әр пән бойынша Министірліктің дипломдармен марапатталады. Жеңімпаздар саны қатысушылар санының 25%-ын құрайды. Олимпиаданың қорытынды кезеңінде І, II және III дәрежелі дипломдар саны анықталады:

жеңімпаздардың 50%-ы III дәрежелі дипломмен;
30%-ы II дәрежелі дипломмен;
20%-ы І дәрежелі дипломмен марапатталады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар бір пәннен жазылады (олардың белгілі бір пәннен неғұрлым көбірек жинаған балының санына сәйкес).

Бұл олимпиаданың тағы бір ерекшелігі өзің қорғаған пәннің мамандығына көптеген жеңілдіктер қарастырылған.