Әңгіменің әлқиссасын топтың атауынан бастайын. "Хан Тәңірі" (Хан TENGRI) - Қазақ жерінің ең биік нүктесі. Бұны кез келген қазақтың білері анық. Алғаш топ құрылып, атау ойластырылған кезде бірнеше нұсқа ұсынылды. Алайда ақылдаса келе, осындай тоқтамға келдік. Өз мақсатына жету жолында аянбай күресуге бел буған біздің жас өрендер, сайып келгенде қазақ үшін тамшыдай болса да үлес қосуды параз санайды. Мен олардың бойынан ерекше бір жігерді көремін, ертеңге деген нұрлы үмітінің сенімділікпен сабақтасқанын байқаймын. Бәрі де Қазақ елінің көгінде самғасам дейді, Хан Тәңіріндей биік болсам дейді. Сондықтан біздің қыз-жігіттер топ атауына келгенде қателеспеді деп ойлаймын.
Кездейсоқтыңтың өзі кездейсоқтық емес. Біздің команда да еліміздің әр түкпірінен қыз-жігіттер жиналған. Олардың жолының бір арнада түйісуін өмір заңдылығы санаймын. Келе сала бір-бірімен жақын араласып, достасып үлгергендіктері соның айғағы болса керек. Ертеңгі күн қимас бауырдай болып кетеріне кәміл сенемін. Ең бастысы, олардың арасында жекелей бәсекелтік жоқ. Бәрі де ұжым болып жеңіске жеткісі келеді. Кейде олардың байқауға қатысып жатқан өзге топтардағы қатарластарының жазбасына пікір жазып, ақ адал тілегін ақтарып отырғандарын көріп тағы бір қуанамын. Иә, олар үшін ең маңыздысы – достық. Мен де әр қыз-жігіттің бұл байқауды өз мақсатына жетер жолдағы үлкен көмекші деп түсінгенін қалаймын.
Аятжан Асқарбек – біздің топтың көшбасшысы. Байқау басталғалы белсенділік танытып, ұмтылғыштығымен ерекшеленген жандардың бірі. Ол Тараз өңірінің тумасы. Енді 10-сыныпқа аяқ басады. Әдебиетке, өлеңге құштар. Хан Тəңірінің Мұзбалағы Мұқағалиды пір тұтады. Аят бастаған топ бүгін байқауда орын алып жатқан келеңсіздік туралы блог жариялады. Олар жалған фейктер ашылып, өтірік пікірлер жазылып жатқанына наразылық білдірді. Бұндай жалған әрекетпен күресуге үндеп, барлық қатысушыларды әделетті болуға шақырды. Бұл да болса жақсылыққа деген ұмтылыс болса керек.
Сағыныш Тасболат батыс өңіріндегі Тасқала ауданында туған. Туған жерін қадір тұтады. Болашақта үздік оқып, ата – анасын разы ете отырып, туған өлкесінің бір тірегі, түзу кірпіші болып қаланғысы келеді. Журналист Мейіржан Әлібекұлын үлгі көреді. Өмірдегі ұстанымы: «Егер ісім өнсін десең – ретін тап». Сағыныштың мақсаттары журналистикамен байланысты. Осы байқау оған мол тәжірибие береді деген үміттеміз.
Жадыра Ерболған 2000 жылы қаңтар айының 2-сі күні Талдықорған қаласында дүниеге келген. 9-сынып түлегі. Өмірлік ұстанымы: «Ешкімнің ала жібін аттамау». Анаға қарап қыз өсер демекші, Жадыра анасындай болуды армандайды. Домбырада ойнайды, қолы босай қалса, кітап оқығанды дұрыс көреді. Жаз айында «Абай жолы» романын, Оскар Уайльдтің ертегілерін оқуды мақсат тұтып отыр. Сондай-ақ ағылшын тілінің грамматикасын жетік меңгергісі келеді.
Айсәуле Тілеуғали 2000 жылы 13 шілде күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Алматы қаласында тұрып жатыр. М.Базарбаев атындағы №138 гимназияның 9-сыныбын бітіріп, 10-сыныпқа аяқ басты. Өмірлік ұстанымы: "Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді". Журналист болуды армандайды. Бүгінде сол арманы жолында еңбектеніп, іздену үстінде. Аталған байқау Айсәулеге де көп көмегін тигізері анық.
Дина Бөкебай 1999 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы дейтін жерде дүниеге келген. №25 мектептің 9-сыныбын бітірген. Сурет салып, кітап оқығанды жақсы көрседі. Анасына еліктейді. Өмірлік ұстанымы: «Істесең, қорықпа, қорықсаң, істеме!». Болашақта әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дан тіл мамандығын меңгергісі келеді. «Ұлан» газетінің жас тілшісі Дина жаз маусымын кітап оқуға арнамақшы. Сондай-ақ бейнелеу өнерімен айналыспақ ниетте.
Мерей Әділқызы 1999 жылы желтоқсан айының 12-сінде дүниеге келген. Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің 9-сыныбын аяқтаған. 5-сынып пен 8-сынып аралығында Талдықорғандағы Балалар көркемсурет мектебінде оқып, үздік бітірген. Өмірлік ұстанымы: «Еңбек бəрін - жеңбек!». Сурет салумен айналысады. Болашақта суретшілік өнерін одан əрі дамытып, Қазақстанның беделді суретшісі болғысы келеді.
Даулетбақ Мұятов Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылында 1998 жылы 31 тамызда дүниге келген. Өмірлік ұстанымы: «Жаныңды қина, мұратыңа жет!». Өмірде өз еңбегіңмен жеткен мақсаттан артық жеңіс жоқ деп есептейді. Стивен Джобстың еңбегін жоғары бағалайды, оның ұстанымдарымен жүргісі келеді. Әлем әдебиеті жазушылары мен психолог, ораторларының туындыларын оқып, олармен жұмыс жасағанды ұнатады. Алғашқы жазбасымен-ақ ерекшеленген ол жаз маусымында алдына 5 түрлі мақсат қойып отыр. Дәулетбақтың нәтижелі ісін алдағы уақытта көретін боламыз.
Ақерке Ерболған Алматы облысы Талдықорған қаласында 2001 жылы 12 маусымда дүниеге келген. Талдықорған қаласындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің 8-сыныбын үздік аяқтаған. Біздің топтың ең кішкентай қатысушысы. Өмірлік ұстанымы: "Алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ". Әпкесі Жадыра анасын үлгі тұтса, Ақерке әкесіне еліктейді. Жаз айында түрлі тағамдар жасап, асхана ханшайымы болғысы келеді.