Грант тағайындау конкурсы аяқталған кезде, бірі – грант ұтып алып қуанса, екіншісі – ақылы бөлімге түсетіні үшін қатты қынжылады. Грант ұтып алмаған жағдайда не істеуге болады? Осындайда ата-әжеңіздің төрт түлік малы көп болғаны жақсы. Қалаған оқу орныңызға түсіп, бұрынғыша еркелеп жүре бересіз. Ал жағдай басқаша болса, қалыңыз мәз емес. Оның үстіне Қазақстандағы оқудың бағасы өте қымбат.
Мамандықты немесе ЖОО-ны ауыстырыңыз
Әдетте ЖОО-ға ақша төлеген кезде, оның беделі мен атының әйгілілігі үшін де төлейміз. Мұнымен қатар, бір ЖОО-дағы мамандықтардың бағасы әртүрлі болады. Мысалы, Халықаралық қатынастар мен Дінтану бөлімдерін салыстырып көріңіз. Ал басқа университеттерде аталған мамандықтың бағасы әлдеқайда арзан болуы мүмкін. Әдетте мұғалім бірнеше жерде қызмет ететіндіктен, білім сапасында көп айырмашылықтар болмайды.
№1 кеңес. Сіз атақты университеттің дипломын емес, сапалы білім алуыңыз қажет. ЖОО-ны газеттегі немесе интернеттегі жарнамасына қарап емес, мұғалімдердің біліктілігіне қарап таңдаңыз. Ол туралы таңдаған ЖОО-ыңыздың түлектерінен сұрай аласыз. Әдетте білімді мұғалімдер «қарапайым» оқу орындарында жұмыс істейді.
№2 кеңес. Артық кетуден сақтаныңыз! Қабылдау комиссиясында екі шет тілі мамандығына тапсыруға үгіттейді. Аталған мамандықта ана тіліңізде оқисыз. Бірақ екі есе артық ақша төлейсіз. Осы сізге керек пе? Сол себепті өзгелердің жетегіне ермей, қалтаңызға қараңыз.
Оқуға жеңілдік алыңыз
Кей ЖОО-лар алтын белгі иегерлері мен балы жоғары студенттердің төлем ақысын арзандатады. Жеңілдік алғашқы жылға ғана берілуі мүмкін. Алайда мұның өзі жақсы емес пе? Мұнымен қатар, бір отбасынан екі адам оқығанда, жетімдерге, кемтарларға жеңілдіктер беріледі. Жеңілдіктер мен оларды растайтын құжаттар туралы қабылдау комиссиясынан сұрауыңызға болады.
Біріншіден, Білім және ғылым министрлігінің өзі вакантты грант ұсынуы мүмкін. Вакантты грант жылына екі мәрте тағайындалады.
Екіншіден, басқа гранттар мен шәкіртақылар да бар. Ректор стипендиясы, ЖОО-ның жеке гранты, Bilim, KazEnergy сынды бағдарламалардың қосымша гранты. Бұдан өзге банктер де ара-тұра грант тағайындайды. Аталған бағдарламалар оқудың ақшасын төлеу, тұрғылықты жатақханамен қамтамасыз ету, шәкіртақы беру сынды жеңілдіктер жасауы мүмкін.
Студентке арналған жұмыс қарастырыңыз
Сіз енді студентсіз. Асыр салып ойнап, әке-шешеңізге еркелейтін күндеріңіз артта қалды. Өз күніңізді өзіңіз көре алатындай дәрежеге жетсеңіз, тәуелсіздіктің рахатын сезінесіз. Тіпті оқуыңыздың ақшасын өзіңіз төлеуіңіз мүмкін. Өзгелері грантта оқып жүр немесе оқуының ақшасын ата-анасы төлеп беріп жатыр деп қаймықпаңыз. Өмірдің әр оқиғасынан сабақ алуға болады. Жұмыс істеп жүріп тәжірибе жинақтайсыз. Оның үстіне мамандығыңызға қатысты жұмыс тауып алсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.
№4 кеңес. Мамандығыңызға сай жұмыс істеңіз. Сол кезде тәжірибе ғана жинақтап қоймай, бірнеше жылдық өтілге ие болып үлгересіз.
№5 кеңес. Бұған дейін жұмыс істеп көрмегенсіз бе? Мысалы, журналист, аудармашы, бағдарламашы, шаштараз, сәнгер сынды мамандықтарға дипломның қажеті жоқ. Бұлардың арасынан өзіңізге лайықтысын табатыныңыз анық.
Көңіліңіз түспесін! Өзгелерге де ренжімеңіз. Ешкімді айыптамаңыз. Бақ шаба ма, бап шаба ма демекші, грантқа екінің бірі ие болмайды.