- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Есею баспалдығына нық...
Есею баспалдығына нық қадам басыңыз
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анаңыз туған өлкеңізде көзіне келген жасын көлегейлеп, қолын бұлғап қана қала береді. Ал мұнда, алып шаһарда сізді ешкім еркелетпейді, еркелігіңізді де көтермейді. Сондықтан өзіңізді қолға алып, есею баспалдығына нық қадам басыңыз.
Баға қызғанып, жиіркенішті болмаңыз. Студенттік өмірде «оған көп балл қойыпсыз, мен одан жақсы оқыдым» деген секілді сөздер көп кезігеді. Ондайлармен қызыл кеңірдек болып әуреге түспеңіз. Өзіңіз де ондай сөзді ешқашан айтпаңыз. Жұртқа жек көрінішті болудан басқа пайдасы жоқ, одан сіздің балыңыз не өмірдегі бағаңыз жоғарыламайды. «Менен төмен студенттер жоғары балл алыпты ғой» деген ой ішіңізде қылп етіп тұтанған бойда, адамдығыңызға нұқсан келетін әрекет екенін сезіп, өзіңізді басыңыз.
Ешқашан ешбір мұғалімге қарсы шықпаңыз. Мейлі ол дұрыс емес болсын, мейлі бағаңызды дұрыс қоймасын, бәрібір статусы сізден жоғары болған соң, қандай жағдай болса да өзінікін дұрыс етіп шығарады. «Ұлық болсаң, кішік бол». «Сіздікі дұрыс», «кешіріңіз» дей салыңыз, үндемей құтылыңыз. Бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз.
Барлығымен тату болыңыз. Сізге ешкім ештеңеге міндетті емес. Қай жағдайды да осылай болуы керек деп қабылдап, басқаның орнына өзіңізді қойып көріп, түсіністік танытуға, өзіңізден ақтап алуға тырысыңыз. Шу шықса, екі жақты да сабырға шақырып, бірден басуға тырысыңыз.
Білгеніңізді аяп қалмаңыз. Көре алмау, іштарлық, қызғаныш деген қызыл түлкілер аяғыңыздан талай шалатын болады. Табаныңызға батқан әр тікенді алып тастаумен арпалыссаңыз межелі жеріңізге уақытылы жете алмай қаласыз. Ешқайсысына мән бермей, жамандыққа жақсылықпен ғана жауап қатып отырыңыз. Кең болсаңыз, кем болмайсыз.
@. @assel_assanova