Елімізде емтихан тапсыру тек жазда емес, жылына бірнеше рет ұйымдастырылмақ. Яғни оқуға түсетін түлек өзіне сенімді болса, сынақтан ертерек өтуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің орынбасары Такир Балықбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір жоба әзірлену үстінде. Келер жылы оны қолданысқа енгізіп, сыннан өткізу жоспарда бар. Айта кетейік, мұндай тәжірибе Ресейдің білім жүйесінде бұрыннан бар.
Тіпті соңғы жылдары көршілес елдің жоғарғы оқу орындары Қазақстанға келуін жиілеткен. Өйткені олар емтихан алуды қыс мезгілінен бастайды. Сәйкесінше, теріскейге жол тартқан қазақ студенттері көбеюде.
“Біз осы жоба арқылы жастардың өзге елге кетуіне тосқауыл қойғымыз келеді. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібіне осындай өзгерістер енгізудеміз. Бұл ретте Ресейдің, Американың тәжірибесіне сүйендік. Жоба жемісін берсе, ҰБТ бір реттік науқан емес, түлектердің талап-тілегіне қарай өткізіледі”, — дейді Білім және ғылым министрінің орынбасары Такир Балықбаев.
Дереккөз: nur